Шымкентте қала көшелері жарықтандырумен толық қамтылады

0
111

Жыл соңына дейін қосымша 985 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай қала көшелерін 100 пайыз жарықтандырумен қамтамасыз ету көзделген.


Шымкентте қала көшелері жарықтандырумен толық қамтылады

Шымкент қаласында 2025 жылы көше жарықтандыру жүйесін дамыту бағытындағы ауқымды және жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ мегаполистің түнгі келбетін айшықтай түсуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек толық мәлімет берді.

Қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жыл басынан бергі кезеңде қала көшелерінде үлкен жұмыс атқарылды. Жалпы есеп бойынша 1 758 көшеге 35 218 дана жарық шамы орнатылды. Бұл жұмыстар қаланың барлық бес ауданын қамтыды: Абай ауданында – 721 көшеге 12 787 жарық шам, Әл-Фараби ауданында – 72 көшеге 776 жарық шам, Еңбекші ауданында – 239 көшеге 7 096 жарық шам, Қаратау ауданында – 413 көшеге 10 253 жарық шам, ал Тұран ауданында – 313 көшеге 4 306 жарық шам орнатылып, қаланың жарықтандыру картасын айтарлықтай кеңейтті.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, жұмыстар белгіленген жоспар бойынша қарқынды жалғасуда. Жыл соңына дейін қосымша 985 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Шымкент қаласының барлық көшелерін 100 пайыз жарықтандырумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл мақсатқа жету Шымкентті Қазақстандағы ең жарық әрі тұрғындар үшін қауіпсіз мегаполистердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Барлық жарық шамдары толық орнатылып, іске қосылғаннан кейін, жалпы саны 2 743 көшедегі жарық желілерін күтіп ұстау және оған қызмет көрсету жұмыстары Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасының теңгеріміне өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл жүйенің ұзақмерзімді әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге негіз болады. Жарықтандыру жүйесін жаңғырту және кеңейту шаралары қала тұрғындарының қауіпсіздігін, әсіресе қараңғы уақыттағы жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының жайлылығын айтарлықтай арттырып, қаланың түнгі келбетін айшықтай түседі.

Бөлісу