Осы жылдың 30 мамырынан бері қарақұрт шаққан 25 адам түскен. Олардың ішінде 20-сы ересек, 5-і бүлдіршіндер.
Фото: animaljournal.ru
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының тұрғындары қарақұрттан зардап шегуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласындағы Т.О.Орынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оксигенация орталығының токсикология бөлімшесіне осы жылдың 30 мамырынан бері қарақұрт шаққан 25 адам түскен. Олардың ішінде 20-сы ересек, 5-і бүлдіршіндер.
«Құрсайда ағамның үйінде құрылыс болып жатқан. Кешке цементтің үстінде жатқан кезде шақты. Өзім үстіне жатып қалыппын. 1 сағат өткеннен кейін ауырғаны асқына бастады. Асқазанымның ауырғаны сезілді. Содан кейін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға келдім. Жатқаныма 5 күндей болды. Қазір денемде шамалы ғана әлсіздік сезіледі», - дейді емделуші Бағдат Үсенбаев.
Ал, 3 күннен бері ем қабылдап жатқан Мұхтар Айтбаев: «Далада ұйықтап жүргенбіз, таңертең маса шаққандай болып, қолым ұйығанын сездім. Уақыт өте жүрекке қарай шаба бастады. Содан кейін жедел жәрдем шақырттық. Олар осында алып келді. Қазір ем қабылдап жатырмын. Адамның организміне байланысты әсер етеді екен», - дейді.
Бұндай жағдайлар жаз мезгілінде жел болған кезде көп кездеседі. Қарақұрт шаққан кезде белден төмен қарай қақсау, көкірек тұсы қысылу, буындар қақсау, іш қату белгілері байқалады. Тәуліктің қай уақыты болса да жедел жәрдемге хабарласу керек дейді мамандар.
«Биыл бір қуаныштысы, қайтыс болған адам жоқ. Барлығы жақсы ем қабылдап шықты. Қарақұрттан сақтанудың ең бірінші жолы – далаға ұйықтаған кезде биік төсекке жату. Негізінен, мұнда тұрғындардың да кінәсі бар. Себебі, науқастар жаңа құрылыс жүріп жатқан аудандардан көп түсуде. Құрылысқа әкелген құм, тас сияқты заттардың арасынан көп шығады. Бізге келіп жатқандардың басым бөлігі Ақтас, Құрсай, Қазығұрт, саяжай тұрғындары», - деп мәлімеді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.
Айта кетейік, қазіргі таңда орталықта қарақұрт шаққаннан 2 ересек және жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан 1 бүлдіршін бар. Сонымен қатар, бұл ауруханада осы жылы жылан шаққан 10 адам тіркелген.