Шымкентте қоғамдық көліктердің 80%-ы жаңартылды

0
683

Жыл соңына дейін қала тасымалдаушылары тағы 290 дана жаңа автобуспен толығады.


Шымкентте қоғамдық көліктердің 80%-ы жаңартылды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша басқарма басшыларының есептерін қабылдауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасовтың есебі тыңдалды.
Басқарма басшысы берген ақпаратқа сәйкес, биыл жол қауіпсіздігінін қамтамасыз ету бағытында қала көшелерінің 215 шақырымына суық пластик және акрильді бояумен жол таңбаларын сызу жоспарланып, атқарылуда.
Жол қозғалысын автоматты режимде реттеу үшін 20 жол қиылыстарына бағдаршамдар орнату, 16 орынға белсенді жаяу жүргіншілер өткелін салу, 2500 дана жол белгілерін орнату жұмыстары жоспарланып, іске асырылуда. Жол қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша полиция департаментінен 700-ден астам ұйғарым түсіп, олардың 80 пайызы атқарылған.
Қоғамдық көлік қатынасында автобустар паркі бір мың дана техникаға жетеді. Оның ішінде 600 жаңа автобус маршруттарға шығарылса, жыл соңына дейін қала тасымалдаушылары тағы 290 дана жаңа автобуспен толығады. Нәтижесінде қаланың қоғамдық көліктер паркінің жаңаруы 80 пайызды құрамақ.
Жолаушылар тасымалы бойынша 78 маршруттық кесте бекітілген. Оның ішінде 29 маршрут ішкі орамдық қоғамдық көлік қатынасына жатады. Қала бойынша 57 маршрут әлеуметтік мәні бар қатынастар санатына енгізілген.
Есепті жиында қала әкімі М.Әйтенов көлік жүктемесі біртіндеп артып отырған қалада транспорттық инфрақұрылымды ұтымды ұйымдастырудың жолдары бүгіннен бастап мұқият зерделенуі керектігіне назар аударды. Шымкент қаласы ауқымды транзиттік дәліздердің ортасында тұрған орталық, қаланың сыртқы шеңберінен өтетін көлік транзитіне арналған айналма жолдардың жобасы қаланың бас жоспарында қамтылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.
Жыл санап өсіп жатқан қалада алдағы жылдары транспорттық кептелістердің орын алу ықтималдылығын ескерткен қала басшысы, қоғамдық көліктердің қозғалысын кедергісіз ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін бүгіннен бастап қарастыруды тапсырды. Бұл мәселеде қолданыстағы жол қозғалыстарының сызбаларын, жолаушылар тасымалы бойынша мегаполистер тәжірибелерін зерделеуді, қоғамдық көліктің жаңа түрлерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру қажеттілігі айтылды. Осы талаптар ескеріліп, қалада көлік қозғалысын реттеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленуі керек деді.
Қала маршруттарына қамтылған автобустарга газ құю бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша нақты шешім қабылдау қажеттілігін ескертті. Автобустардағы «Төлем» жүйесі бойынша қоғамда толық түсіністік орныққандығын атап өтіп, тәжірибе ретінде автобустардың үш маршрутына кондукторсыз қызмет режимінің енгізілуін қолдайтынын жеткізді.
Айта кету керек, биыл «Төлем» жүйесі бойынша 250 мың транзакция атқарылады деп болжамдалған. Жолаушылардан түсетін жолақының басым бөлігі қаланың қоғамдық көлік қатынасын жүйелендіруге бағытталады. Автобустармен жүретін қала тұрғындары жолаушылар карточкасымен 75 теңге төлесе, автобус қызметін тұрақты пайдаланбайтындар, оның ішінде қалаға келетін туристер қалаішілік автобустар қызметіне нақты қаржыға, жалпыға бірдей белгіленген тарифтен жоғары баға төлейді.