Сот отырысына судья Еркебұлан Төлешов төрағалық жасайды.
ERNUR.KZ.Маусымның 25-і күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "пара алу кезінде ұсталған" Түркістан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлының ісін қарай бастады, деп xабарлайды ERNUR.KZ azattyq.org сайтына сілтеме жасап.
Сот отырысына жәбірленушілер, прокурор Арман Өтегенов, айыпталушы Нұрдәулет Төлегенұлы мен оның туыстары қатысып жатыр. Сот отырысына судья Еркебұлан Төлешов төрағалық жасайды. Нұрдәулет Төлегенұлы мен жәбірленушілер журналистердің өздерін фото және видеоға түсіруіне рұқсат бермеді.
Сот тергеуі басталмас бұрын судья айыпталушыға құқықтарын түсіндірді. Айыпталушының адвокаттары іске тіркеуге Нұрдәулет Төлегенұлымен бірге тұратын мүгедек әкесі мен әпкесінің құжаттарын тапсырды.
Содан кейін прокурор Арман Өтегенов айыптау актісін оқыды. Айыптау актісінде айыпталушы Қазақстан заңнамаларына қайшы екенін біле тұра азаматтығы жоқ бір отбасының төрт адамына Қазақстан азаматтығын алып беруге уәде етіп, қызметін пайдалана отырып аса ірі көлемде алаяқтық жолмен ақша талап етіп, 40 мың доллар сұрағаны айтылды. Басқарма экс-басшысы Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") және 366-бабы ("Пара алу") бабымен айыпталып отыр.