Шымкентте "Мәртебелі поэзия мінбері" атты әдеби-мәдени бұрыш ашылды

0
1 676

Шымкентте "Мәртебелі поэзия мінбері" атты әдеби-мәдени бұрыш ашылды. Енді еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар әр жұма сайын осы мінберде өлең оқиды.


Шымкентте

Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы бері рухани құнды дүниелерге тіпті де терең мән беруде. Олай деуімізге себеп, бүгін «Жеңіс» саябағында «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби-мәдени бұрыш ашылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өткен жылы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен ақын-жазушылардың өлеңдері қала көшелеріне ілініп, жас ақындардың антологиясы жарық көрген болатын. Ал 2020 жылдың басында мәдени бұрыш ашылып отыр. Осыған орай қаламгерлер салтанатты жиынға арнайы келді. Қала әкімі:

"Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы жағымды жаңалықпен жиі бас қосатын болдық. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақалалары аясында жұмыс істесек, әлі талай өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтеріміз анық. Қанша ғасыр өтсе де әл Фараби мен Абай даналығы актуальдылығын жоғалтқан жоқ. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты" деп мінез бен ақыл жарасса адамгершіліктің ұтатынын әл Фараби бабамыз бір-ақ сөйлеммен ұқтырған жоқ па? Осы біз Абайдың бес асыл ісін үйреніп, бес дұшпанынан жиреніп жүрміз бе? Енді кез келген адамның көкейде жүрген сұрақтарына өлеңнен жауап табуына осы поэзия мінбері мұрындық болады деп ойлаймын", – деп пікір білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Қазақстан қаламгерлері атынан құттықтады.

«Былтыр Елордадағы Абай көшесінің бойында «Поэзия аллеясы» ашылды. Іле-шала қазақтың үш арысы Ілияс, Сәкен, Бейімбеттің ескерткіштері бой көтерді. Бүгінгі «Мәртебелі поэзия мінбері» сол екі игі істің ізін басты ғой деймін», – деді ол.

Енді еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар әр жұма сайын осы мінберде өлең оқиды. Ал, қыс ауасында күн суық болған жағдайда «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында бас қосатын болады.