Шымкентте мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шара өтті

0
200

«Жас сақшы заң мен тәртіптің қорғаушысы» жобасы – жастардың құқықтық білімін арттырумен қатар, қоғам қауіпсіздігі мен тәртіпті сақтауда өз үлесін қосуға бағытталған маңызды бастама.


Шымкентте мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шара өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы білім ошақтарының бірі – №24 Саттар Ерубаев атындағы мектеп-лицейінде жас ұрпақтың құқықтық санасын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. «Жас сақшы – заң мен тәртіптің қорғаушысы» деп аталған бұл жиын мемлекеттік тапсырыс аясында ұйымдастырылып, өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңды құрметтеуге баулу және тәртіп пен жауапкершілік сезімін арттыруды басты мақсат етті.

Маңызды шараға қоғамдық тәртіпті сақтаудың негізгі тұлғалары – Шымкент қалалық Полиция департаментінің өкілдері арнайы қатысты. Олар мектеп ұстаздарымен және ең бастысы, «Жас сақшы» қозғалысының жас инспекторларымен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылап, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Полиция қызметкерлері оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері туралы нақты мысалдар келтірді. Бұл еркін пікір алмасу оқушыларға заң өкілдерімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік беріп, құқықтық нормаларға деген түсініктерін арттырды.

Кездесу барысында мектептегі «Жас сақшы» клубының таныстырылымы өтті. Бұл клуб оқушыларды мектеп қабырғасында тәртіп сақтауға, кішілерге үлгі болуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді қатысуға шақырады.

Оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, оның ішінде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін қателіктер мен олардың заңдық салдары туралы ақпарат берілді.

Қатысушы мамандар: «Заңды сақтау — әр азаматтың борышы» екенін және «құқықтық сауаттылық қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын» баса айтты.

Іс-шараның ең кульминациялық сәті — «Үздік жас сақшы» атағын беру рәсімі болды. Мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен оқушылар арнайы марапатталды.

Бұл марапат жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке, құқықтық нормаларды сақтауға және азаматтық белсенділікке ынталандыруды көздейді.

«Жас сақшы – заң мен тәртіптің қорғаушысы» жобасы – жастардың құқықтық білімін арттырумен ғана шектелмейді. Ол жас буынды қоғам қауіпсіздігі мен тәртіпті сақтауға тікелей өз үлесін қосуға шақырады. Мұндай іс-шаралардың жиі өткізілуі жас буынның саналы, елжанды және заңға құрметпен қарайтын, Қазақстанның болашағын айқындайтын азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Шымкент мектептеріндегі бұл тәжірибе өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі оң бағытты көрсетеді.

Бөлісу