Осы ретте білім бақармасы мен білім беру мекемелері басшыларының қатысуымен жиын өтті.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар қабылдауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Солардың бірі, қылмыстық істерді тергеу нәтижесімен сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал еткен жағдайларды жою бойынша тиісті ұсынулар енгізіліп, мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда.
Осы ретте, кезекті жиын Департамент басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаевтың, білім бақармасы мен білім беру мекемелері басшыларының қатысуымен өтті.
Шараны өткізуге білім саласының өкілдеріне қатысты қылмыстық істі тергеу нәтижесі бойынша енгізілген ұсыныс себеп болған.
Кездесуде қатысушыларға бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігі мен жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті ескертілді.
Сонымен қатар, жиында Шымкент қаласында мектептерде заңсыз ақша жинау тыйылмай тұрғандығы талқыланды. Департамент өкілдері Агенттіктің 1424 Call-орталығы мен Департаменттің әлеуметтік желідегі парақшаларына мектептердегі бітіруші сыныптардың ата-аналарынан мұғалімдерге сыйлыққа, емтихан алушы мұғалімдердің тамақтануына және т.б. ақша жиналып жатқандығы бойынша хабарламалар келіп жатқандығын жеткізді.
Осы ретте алдағы уақытта ұжымдар арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, парасаттылық қағидаларын қалыптастыруға, мектептерде ақша жинамауға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізілді.
Кездесуде қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Р.Әліш қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыну бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, барлық ұсыныстар жіті назарға алынып, сол бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.