Заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде 361 базалық станция бүгінде 5G жиілігінде жұмыс істеуде. Бұл шаралар байланыс сапасы төмен аймақтар санын 11 нүктеге дейін азайтуға мүмкіндік берді
Шымкент қаласында мобильді интернет пен байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі және кешенді жұмыстар нәтижесін беруде. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды шаралар қала аумағындағы байланыс сапасы төмен нүктелер санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек толық мәлімет берді.
Қазіргі таңда қала аумағында барлық ірі мобильді байланыс операторларының жалпы саны 1740 базалық станциясы қызмет көрсетіп отыр. Олардың арасындағы үлестірілімі мынадай: «Кселл» АҚ – 784 станция, «Кар-Тел» ЖШС – 506 станция және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС – 450 станция иелігінде.
Байланыс сапасын арттыру жұмыстары 2023 жылы жүргізілген талдау қорытындыларына негізделген. Сол талдауға сәйкес, қала аумағында байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталған болатын. Бұл нүктелер операторлар бойынша: «Кселл» – 53, «Кар-Тел» – 33, «Мобайл Телеком-Сервис» – 41. Осы кемшіліктерді жою мақсатында қала әкімдігі және операторлармен бірлесіп, арнайы Жол картасы әзірленіп, жоспарлы жұмыстар қарқынды атқарылды.
Соңғы үш жыл ішінде мобильді байланыс инфрақұрылымына елеулі инвестициялар тартылды. Нәтижесінде, қалада 295 жаңа базалық станция іске қосылды (оның ішінде «Кселл» – 215, «Кар-Тел» – 80). Бұған қоса, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 398 станцияда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде «Кселл» – 246, «Кар-Тел» – 144, «Мобайл Телеком-Сервис» қамтылған.
Ең маңызды жетістіктердің бірі – заманауи технологияларды енгізу. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 361 базалық станция бүгінде 5G жиілігінде жұмыс істеуге көшті. Бұл – қаладағы мобильді интернеттің жылдамдығы мен өткізу қабілетін бірнеше есе арттырды. Осы кешенді шаралардың арқасында байланыс сапасы төмен аймақтардың саны бастапқы 147 нүктеден 11 нүктеге дейін (яғни, «Кселл» – 6, «Кар-Тел» – 5) күрт азайтуға мүмкіндік берді. Бұл сапаның он есеге жуық жақсарғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда операторлар тарапынан базалық станцияларды орнату мерзімін одан әрі қысқарту мақсатында жаңа антенна-мачталық құрылғыларды (18 дана) және қос мақсатты тіректерді (1 дана) орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл бастамалар қала тұрғындарын жоғары жылдамдықты әрі тұрақты мобильді интернетпен толық қамтуға жол ашады.


