Жоба аясында қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейі мен шығармашылық қабілеттерін бейнеролик және эссе форматында көрсетті. Биыл байқауға еліміздің жеті аймағынан жүзге жуық өтінім қабылданып, қатысушылардың еңбегін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады.
Шымкент қаласында еліміздегі этнос өкілдерінің балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының қорытындысы шығарып, жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Бұл жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген дарынды балаларды анықтау, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына мүмкіндік беру.
«Мың жүйрік» жобасы соңғы жылдары Қазақстанның рухани-мәдени кеңістігінде маңызды бастамалардың біріне айналып келеді. Этнос өкілдері арасынан қазақ тілінде еркін сөйлейтін, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, белсенді жасөспірімдерді анықтау – тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі. Мемлекеттік тілді жан-жақты меңгеру этномәдени топтар арасындағы түсіністік пен бірлікті нығайтып, қоғамдағы үйлесімділікке өз ықпалын тигізеді.
Жоба биыл ерекше форматта өтті. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін және шығармашылық қабілеттерін бейнеролик пен эссе арқылы көрсетті. Балалар өздері дайындаған бейнежобаларда қазақ тілінің күнделікті өмірдегі рөлін, оның маңызын шығармашылық тәсілмен жеткізуге тырысты. Кейбір қатысушылар ұлттық салт-дәстүрді бейнелеу арқылы тілдің құндылығын көрсетсе, енді бірі ғылым, экология немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, мемлекеттік тілді терең меңгергенін дәлелдеді. Эссе жанрында да түрлі тақырыптар қамтылып, балалардың ой-өрісі мен дүниетанымы айқын көрінді.
Биылғы байқауға еліміздің жеті аймағынан жүзге жуық өтінім қабылданды. Қатысушылардың жұмыстарын бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылып, олардың әрқайсысы бейнероликтер мен эсселерді мазмұнына, тіл тазалығына, шығармашылық тәсілге, техникалық сапасына және жалпы идеяның жеткізілу деңгейіне қарай саралады. Сарапшылар биылғы жобаның қатысушыларының деңгейі айтарлықтай жоғарылағанын, балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артқанын ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімі Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өтті. Шараға қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, этнос өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен Ассамблея жастары қатысты. Қонақтар байқауға қатысқан әрбір баланың мемлекеттік тілге деген құрметі мен ерекше ынтасына ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Иманалы Байдаулетов жобаның қоғам үшін маңызын атап өтті:
– Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тілі ретінде мәртебесін арттыру бағытымен үндес. Байқау 5 түрлі бағыт бойынша жүргізілді. Жарысқа қатысқан балалар мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеп, қазақ тілінде еркін ой жеткізу мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – еліміздегі татулық пен бірліктің айқын көрінісі. Мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған игі бастамаларды біз әрқашан қолдаймыз. Тіл білетін, ойы анық, қазақша еркін сөйлейтін балалардың бүгінгі жеңісі олардың болашақтағы толағай табыстарына жол ашады, – деді Иманалы Оспанұлы.
Жиын барысында байқаудың үздіктері арнайы алғыс хаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылардың ата-аналары мен ұстаздары балалардың еңбегін жоғары бағалап, олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы мен жауапкершілігі артып келе жатқанын айтты. Әсіресе этнос өкілдері болып табылатын жасөспірімдердің қазақ тіліне деген махаббаты мен ынтасы көпшіліктің көңілінен шықты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мың жүйрік» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттыру ғана емес, балалар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайту – жобаның негізгі мақсатының бірі. Жастардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуі елдің рухани дамуына қосылған үлес ретінде бағаланады.
Шымкент қаласы еліміздегі көпұлтты шаһарлардың бірі болғандықтан, мұндай жобалардың маңызы зор. Мұнда әртүрлі этностың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сол себепті мемлекеттік тілді білу – барша қазақстандықты біріктіретін ортақ құндылық. «Мың жүйрік» сияқты бастамалар осы құндылықтың жастар арасында кеңінен таралуына ықпал етеді.
Салтанатты рәсім соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, қазақ тілін үйренуге және оны күнделікті өмірінде белсенді қолдануға дайын екендерін жеткізді. Балалардың бұл жетістігі – елдегі тіл саясатының жемісі, сондай-ақ отансүйгіш, білімді ұрпақты тәрбиелеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі.


