​Шымкентте неміс мәдениетінің фестивалі өтті

0
242

Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Возрождение» неміс мәдени орталығының 35 жылдығына арналған мерекелік фестиваль өтті.


​Шымкентте неміс мәдениетінің фестивалі өтті

Шымкент қаласында Германия мәдениетіне арналған ерекше фестиваль өтті.

Бұл іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарын бір шаңырақ астына жинап, өзара достық пен ынтымақтың символына айналды. Салтанатты кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, сахна төрінде неміс этносының бай мәдениеті мен дәстүрін танытқан түрлі өнер ұжымдары өз өнерлерін паш етті. Көрермендер назарына ұлттық және классикалық бағыттағы әндер мен билер ұсынылды.

Фестивальдің басты мақсаты – этностар арасындағы өзара сыйластықты нығайту, мәдени алмасу арқылы қоғамдағы бірлік пен татулық идеясын кеңінен насихаттау. Кеш барысында неміс жастары клубының шығармашылық ұжымы сахнаға шығып, ұлттық музыкалық аспаптар сүйемелдеуімен заманауи және дәстүрлі композициялар орындады. Қатысушылар неміс халқының тарихи тамыры терең өнерімен, бай фольклорымен танысып, түрлі жанрдағы туындыларды тыңдап, ерекше әсер алды.

Салтанатты жиында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Талғат Бисенбиев құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның этносаралық келісім мен бейбіт өмір сүру мәдениетін нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев және Төле би ауданының Құрметті азаматы, Ленгер қаласындағы немістер қоғамының негізін қалаушы Лидия Мехлик те өз лебіздерін білдіріп, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

Мереке аясында қонақтар үшін неміс халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдени мұрасынан сыр шертетін қолөнер бұйымдары мен кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Онда ұлттық нақыштағы бұйымдар, тұрмыстық заттар мен тарихи фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар, арнайы дайындалған ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтіп, қатысушылар дәстүрлі неміс ас мәзірінен дәм татты.

Фестиваль соңында неміс мәдени орталығының қоғам өміріне белсене араласып, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл марапаттар олардың қоғамдағы бейбітшілік пен бірлікті сақтауға қосқан еңбегінің айғағы болды.

Шымкенттегі неміс мәдениетінің фестивалі – елдегі көпұлтты қоғамның үйлесімділігін, мәдениеттер тоғысуының маңызын көрсеткен маңызды оқиға болды. Мұндай іс-шаралар Қазақстан халқының бірлігі мен достығын нығайтып, жас ұрпаққа өзге халықтардың салт-дәстүрін құрметтеудің үлгісін көрсетеді.