​Шымкентте өткен жәрмеңкеде 200-ге жуық тұрғын жұмысқа жолдама алды

0
126

Индустриалды аймақтардағы өндіріс орындары мен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік, қаржы, мемлекеттік қызмет және қызмет көрсету салаларынан жұмыс берушілер өз ұсыныстарын жасады.


​Шымкентте өткен жәрмеңкеде 200-ге жуық тұрғын жұмысқа жолдама алды

Шымкент қаласында "Жұмысшы мамандықтар жылына" орай "Еңбек адамы – елдің байлығы" атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Іс-шара барысында индустриалды аймақтардағы өндіріс орындары мен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік, қаржы, мемлекеттік қызмет және қызмет көрсету салаларынан жұмыс берушілер өз ұсыныстарын жасады.

"Көрме" орталығында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, еңбекқор жұмысшылардың қоғамдағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Бұл жәрмеңке – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Жұмысшы мамандықтары елдің дамуына серпін беретін басты факторлардың бірі, – деді Сәрсен Абайұлы.
Жәрмеңкеге қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының түлектері мен мамандық таңдауға дайындалып жүрген мектеп бітірушілері қатысты.
Бүгінгі жәрмеңкеде 140 жұмыс беруші мекемеден 1 100-ден астам тұрақты, ал уақытша жұмыс орындары бойынша 227 мекемеден 1500-ден астам бос орындар ұсынылды.
Кеңес беру бұрышында аудандық Мансап орталықтарының мамандары Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркелу, түйіндеме жүктеу және бос жұмыс орындарымен танысу бойынша кеңес берді. Сонымен қатар, тұрғындар Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару жөнінде ақпараттарға қанық болды.
Жәрмеңке арқылы 128 тұрғын тұрақты жұмысқа, 34 адам мемлекеттік жобалар арқылы уақытша жұмысқа және пробация қызметінде тіркеуде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адам квота бекітілген жұмыс берушілерге 20 адам тұрақты жұмысқа жолданды.
Бөлісу