Шымкент қаласының 2024 жылғы эпидемиологиялық жағдайы негізінен тұрақты болғанымен, кейбір инфекциялық және паразитарлық аурулар бойынша аурушаңдықтың жоғарылауы байқалды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының 2024 жылғы эпидемиологиялық жағдайы, сондай-ақ ЖРВИ/тұмау және метапневмовирустық сырқаттанушылық туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Жедел ішек жұқпалары (ЖІЖА), вирусты гепатиттер, менингит, көкжөтел және тұмау жағдайлары алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсім көрсетті.
Статистикаға сәйкес, ЖІЖА 35,7%-ға, ал жіті вирусты гепатиттер 43,96%-ға артқан. Оның ішінде А гепатиті 42,6%-ға өскен. Ботулизм бойынша 5 жағдай, бруцеллезден 4 жағдай, ал көкжөтелден 10 жағдай тіркелді. Менингит 6 жағдайды құраса, іріңді менингит 3,6 есеге артқан. Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының (ҚҚГҚ) 1 жағдайы, тері лейшманиозының 3,11 есеге, ал эхинококкоздың 19,94%-ға артқаны тіркелді. Сонымен қатар, тұмау жағдайлары 42,91%-ға өсіп, балалар арасында туберкулезден 7 жағдай және дерматомикоздан 11,9%-ға арту байқалды.
2024 жылдың эпидемиологиялық маусымында жоғары тыныс жолдарының жұқпалы аурушаңдығы бойынша 32 893 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (33 001 жағдай) 1%-ға төмендегенін көрсетеді.
Ауырғандардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балалар (21 248 жағдай немесе сырқаттанушылықтың 64,6%-ы) және мектеп жасындағы балалар (6 550 жағдай) арасында тіркелген. Тұмау бойынша нақтыланған 151 жағдай анықталды, бұл 2023 жылғы 124 жағдаймен салыстырғанда 1,2 есеге жоғарылаған. Жүкті әйелдер арасында ЖРВИ бойынша 947 жағдай тіркеліп, олардың барлығы тұмауға қарсы екпе алмаған.