Шымкент қалалық Перинаталды орталығында жаңа туған қыз балаға екі күрделі ота жасалды.
Нәресте 2100 грамм салмақпен, ауыр жағдайда дүниеге келіп, қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер сәбиге туа біткен жүрек ақауы, II дәрежелі жүрек жеткіліксіздігі, ойық жаралы некротикалық энтероколит және туа біткен ішек өтпеушілігі секілді бірнеше ауыр диагноз қойған.
Қазіргі уақытта сәби неонаталды хирургия бөлімі мамандарының жіті бақылауында. Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Қалалық перинаталдық орталығында неонаталдық хирургиялық операциялар 2024 жылдан бастап жүргізіле бастады. Осы уақыт аралығында ішкі ағзаларының ақауымен туылған 40-там астам сәбиге күрделі ота жасалған.
- 2024 жылы Шымкент қаласында 29 124 бала дүниеге келсе, оның 8 973-і осы орталықта туған. 2024 жылы мекеменің материалдық-техникалық базаны нығайтылды. Атап айтқанда пренаталдық УДЗ скринингін жүргізуге арналған жоғары деңгейлі аппараты және бір күндік клиникада пренаталдық скрининг жүргізуге арналған криптор аппараты алынды. 2024 жылы акушер-гинекологтар, неонатологтар және реаниматологтар алыс және жақын шетелдерде оқытылды. Нәтижесінде, нәресте өлім-жітімі 1,5 есеге, ал ерте неонаталдық өлім-жітім шамамен 2 есеге төмендеді, - дейді орталықтың бас дәрігері Гүлбану Сыздықова.
Орталықтың жаңа жетістіктерінің бірі – әлемдік тәжірибеде қолданылып, халықаралық талаптардың бірі болып саналатын госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы. Жобаның негізгі мақсаты – дәрігерлердің тағайындаулары бойынша дәрілік заттарды уақтылы және сапалы дайындау мен бөліп беру, дәрілік заттарды жекелендірілген есепке алу және тиімді пайдалану болып табылады. Айта кетейік, 2024 жылы консультациялық-диагностикалық бөлімде 8 116 жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйел қаралған.