Қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар үш кезеңге бөлінген.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталып, оларға оптикалық желі тарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баспасөз брифингінде цифрландыру бағытындағы жұмыстардың қорытындысы бойынша мәлімдеді.
Әкім орынбасарының айтуынша, қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша қазіргі таңда қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станция орнатылды. Алтынтөбе, Көкбұлақ, Солтүстік-Батыс және Достық (Солтүстік саяжай) тұрғын алаптарында, Асар, Асар 2, Шымсити, Шымсити-2, Тұран және Ақтас-2, Айкөл шағын аудандарында базалық станциялар толық іске қосылды.
Биыл екінші кезең бойынша 14 жер қарастырылып, 8 орынға жеке инвестор қаражаты есебінен антенна-матчталық құрылғыларға мобильді байланыс операторларының базалық станцияларын орнату жоспарлануда. Олар – А2 трассасы, Әуежай маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ (саяжай алабы), Тассай, «Құрсай, Р32 трассасы, Ынтымақ (Тұрлан) шағын аудандары. Қалған 6 елді мекенге (Абдулабад, Забадам, 226 орам, Асар, Самал-3, Достық шағын аудандары) мобильді байланыс операторлары тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы базалық станциялар орнатылады.
Қазіргі кезде «Digital Elements» ЖШС-і Көкбұлақ, Тассай, Таскен, тұрғын алаптарындағы 4 көшеге (400 үйге) кабел жүргізіп, сондай-ақ, «I-LinkNet» ЖШС тарапынан Ақжайық шағын ауданындағы 1 көшеге (158 үйге) кабел жүргізу жұмыстары басталып, тұрғындардан интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер қабылдануда.