​Шымкентте спорт мектебінің жаңа ғимараты салынып жатыр

0
674

Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады.


​Шымкентте спорт мектебінің жаңа ғимараты салынып жатыр

Биыл Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты.

Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта - ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта - әмбебап спортзал, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Спорт мектебіндегі құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.

Шымкент қаласында спорт саласында «Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде.

Айта кетейік, Шымкент қаласында спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында - 25, Әл-Фараби ауданында - 9, Еңбекші ауданында - 11, Қаратау ауданында - 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар.