​ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

0
262


​ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қазақстандық кәсіпкер, «Freedom Holding Corp» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловпен кездесті.

Әңгіме барысында озық технологияларды қолдану арқылы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Freedom Holding Corp» компаниясымен бірлескен бірқатар жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Олардың қатарында қоғамдық орындарда сымсыз интернетке қолжетімділік орнату және қаланың әрбір нүктесі мен шалғайдағы елдімекендерді толық жоғары жылдамдықты сымсыз интернетпен қамтуға мүмкіндік беретін Fixed Wireless Access (FWA) желісін дамыту бастамалары бар.
Бүгінде компания қаладағы 10 саябақ пен гүлзарда Wi-Fi арқылы тегін интернет желісін іске қосты. Биыл қосымша жаңа нүктелер орнату жоспарланып отыр. Бұл бастамалар байланыс сапасын жақсартып, интернетке қолжетімділікті арттыруға және мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, Шымкентте қоғамдық орындарда шахмат павильондарын салу сияқты әлеуметтік жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылып, қалада халықаралық шахмат турнирін өткізу мәселесі талқыланды.
Қала әкімі Тимур Турловқа қаламызға деген қызығушылығы үшін алғыс айтып, бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Бұл жобалардың жүзеге асуы қаланың экономикасына оң әсер етіп, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенімдімін», - деді қала әкімі.
Бөлісу