Шымкентте жастардың қаржылық қауіпсіздігіне арналған кең ауқымды шара өтті

0
390


Шымкентте жастардың қаржылық қауіпсіздігіне арналған кең ауқымды шара өтті

Бүгін Шымкентте екінші күн жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндірме жұмыстары өтіп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында ауқымды дәріс бұл жолы қаладағы колледж студенттеріне арналды. Шараның басты мақсаты – жастарды қаржылық алаяқтардан қорғау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және саналы шешім қабылдауға үйретуге негізделіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының, әсіресе жастардың қаржылық сауатын арттыру, оларды алаяқтықтан сақтау үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін үнемі айтып келеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бастаманың аясында өтіп жатқан дәрістердің жастарға нақты көмегі тиері анық. Бүгін де спикерлер «XXI ғасырдағы сандық тұзақтар», «Дроптар деген кімдер?», «Қаржылық пирамидаға қалай алданбауға болады?», «Онлайн несие және оның қаупі» сынды өзекті тақырыптарды қарапайым мысалдар, бейнероликтер, сұрақ-жауап ойындары және интерактивті форматтағы тренингтер арқылы түсіндірді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 29 қаржылық пирамида анықталып, 327 алаяқтық чат бұғатталған. Бұл чаттарға қатысушылар саны 1,5 миллионнан асса, олардың көпшілігі жастар екені мәлім болды. Ал Шымкент қаласында алаяқтыққа қатысты істер өзге өңірмен салыстырғанда айтарлықтай алда тұр.
Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Мұхамедқасым Оспановтың айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде 6-10 сәуір аралығында кең ауқымды түсіндіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында интернет-алаяқтықтың, оның ішінде дропперлік және қаржы пирамидаларының кең таралуына байланысты қаржылық қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Мәселен, іс-шара аясында Шымкент қаласында да белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен 6 жоғары оқу орнында және 39 арнаулы білім беру мекемесінде студенттермен түсіндіру кездесулері өткізіледі. Бұл кездесулерде алаяқтар қолданатын айла-тәсілдер, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері, сондай-ақ оларға қалай қарсы тұру керектігі жан-жақты түсіндіріліп жатыр.
«Өкінішке қарай, қазір Шымкент қаласы республикадағы қаржылық алаяқтыққа қатысты тіркелген істер саны жағынан алдыңғы орында тұр. Сондықтан осы мәселенің алдын алу, болдырмау мақсатында жастармен белсенді түрде ақпараттық жұмыс жүргізіп отырмыз. Бұл бастама студенттер үшін өте пайдалы болмақ әрі олардың тарапынан оң кері байланыс болады деп сенеміз», дейді ол.
Мәселен былтыр департамент 24 қаржы пирамидасын әшкерелеп, оларды жарнамалаған 300-ден астам интернет-ресурсты бұғаттады. Сонымен қатар, алаяқтардың қолына түспей сақтап қалған «фишинг» сипатындағы шамамен 1,5 миллион хабарлама анықталды. Қалада биыл үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл істерде айналымда болған қаражаттың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асып, оның 170 миллион теңгеден астамы мемлекетке қайтарылды, ал қалған қаражат пен мүлікке тыйым салынды.
«Алаяқтардың басты нысанасы – жастар, жұмыссыз азаматтар және зейнеткерлер. Олар тез әрі оңай пайда табуға қызықтырып, жоғары пайызбен кіріс уәде етіп, халықтың сеніміне кіреді. Мұндай алаяқтық схемалармен күресу – әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығын арттырудан басталады», деп отыр басқарма басшысы.
Сондықтан мамандар жастарды абай болуға шақырды. Себебі соңғы жылдары «жұмыс ұсынамыз», «ақша табудың оңай жолы» деген желеумен жастардың жеке мәліметтерін бөгде адамдарға беріп, өздері де заң алдында жауап беруге мәжбүр болып отыр. Іс-шараға белсенді қатысушылар мен танымал тұлғалар қолдау көрсетіп, өз білгендерімен бөлісті. Айталық, жастар арасында танымал «Миллион» жайдарман командасы мен әнші Machenski арнайы шақырылып, сахнадан өздерінің алаяқтардан қалай сақтанатыны туралы тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастарды әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді сілтемелерден, күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырып, өз аудиториясына нақты кеңестер берді.
Бөлісу