​Шымкентте желіде «хайп» қуам деп жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген жүргізуші қамауға алынды

0
87

Жас жігіттің көлік басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды.


​Шымкентте желіде «хайп» қуам деп жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген жүргізуші қамауға алынды

Шымкентте әлеуметтік желіде танымал болу мақсатында көлігімен тротуарға шығып, адамдардың өміріне қауіп төндірген 20 жастағы жігіт ұсталды. Белгілі болғандай, құқық бұзушының тіпті көлік жүргізу куәлігі де болмаған.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушінің бейнежазбасын анықтады. Кадрларда автокөліктің қасақана тротуармен жүріп өтіп, адамдардың, оның ішінде балалар арбасын сүйреп келе жатқан жаяу жүргіншінің қозғалысына кедергі келтіргені көрінеді. Аталған қауіпті әрекеттер желіде көпшіліктің назарын аударып, қаралым жинау мақсатында әдейі таспаға түсірілген.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын жедел түрде анықтап, оны құрықтады. Жол ережесін елемеген азамат Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны А. Б. болып шықты.

Тексеру жұмыстары барысында жас жігіттің көлік басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Қазіргі таңда ол әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, осы оқиға кезінде жанында болған автокөлік жолаушысы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұған қоса, тәртіп бұзушы тізгіндеген көлік құралының міндетті техникалық байқаудан өтпегені және сақтандыру полисінің жоқ екені анықталды. Осы аталған құқық бұзушылықтардың барлығы бойынша жүргізушіге тиісті айыппұлдар салынды. Ал автокөлік қалалық мамандандырылған айыптұраққа қойылды.

Бөлісу