​Шымкенттік 590 бойжеткен шетелдікке тұрмысқа шыққан

0
1 483

Елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен.


​Шымкенттік 590 бойжеткен шетелдікке тұрмысқа шыққан

ERNUR.KZ. Бұрымдыларымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығуға неге құмар? Көрерменін көк жәшікке көгендеп қойған телесериалдағы ертегідегідей ғажайып өмірге құмартушылық па? Әлде арғы аралдағылардың қалтасының қалыңдығы ма? Діні өзге, тілі өзге шетелдіктерге деген алабөтен махаббат жастықтың желігі ме екен, кім білген?.. деп жазады otyrar.kz

Әйтеуір сүйіп қалғанын көлденең тартып, шетелдік "көк етіктінің" етегінен ұстап, шекара асып жатқан қаракөздеріміздің кейінгі өмірі шынымен де "кинодағыдай" өрілді ме екен? Кім білген? Бір белгілісі шетелдік жиендеріміздің қазақша шүлдірлемесі анық. Қазақы қалыпта тәрбие алмаған көгенкөздердің бер жаққа бүйрегі бұрмайтыны тағы анық. Алысқа арман қуып кеткен қаракөздеріміздің жүрек түкпірінде әйтеуір бір елге, туған жерге деген сағыныш сыздататыны анық. Амал нешік?.. Тәрбиеден кеткен кем-кетік пе, тағы да әлде…

Елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен. Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франция, Германия, Қытайдан екен. Ал шетелдік махаббаттың буына мас болғандар Батыс, Шығыс, Орталық аймақтарда ғана емес, күнгейде де ушығып тұр. Бүгінде Шымкенттің қыздары қырғыз бен түрік ұлтының азаматтарының етегінен ұстауды "сәнге" айналдырған.

Айыр қалпақты ағайындардың еліміздің кез-келген өңіріндегі базарларды жаулап алғаны белгілі. Осында сауда жасап, отбасын құру оларға да тиімді. Күнгейдегі айтулы оқу орындарына білім алуға келетін түрік жігіттерінің етегінен ұстауға кешегі күнгейлік, бүгінгі түркістандық қыздар құмар-ақ.

Байлықты, барлықты көздеп, шетел асып кеткен, сол елдің санын көбейтіп жатқан қыздарымыздың барлығының шеке май шылқып отыр деп тағы айта алмаймыз. Алаяқтардың арбауына түсіп, азап өмірден әзер құтылып, қашып келіп жатқандарды да жоқ емес.

Психологтардың пайымдауынша, шетелдікке тұрмысқа шығуды көксейтіндерді екі топқа бөліп қарастыруға болады. Олардың бірі бала жасынан таршылық, қиыншылық көріп өскен, толық емес отбасылардан шыққан қыздар көбірек көксейді екен. Бір ақ сәтте байып кетіп, шалқып өмір сүруді қалайтындар қиыншылықтан құтылудың жолы шетелдіктің етегінен ұстау деп түсінеді.

Сондай-ақ, бақуатты отбасынан шыққан, шетел көрген, сонда білім алып, тәлім — тәрбиесін көрген қыздар да тым шетелшіл болады. Өздерінің пайымдауынша "жұмақ өмірді" көрген соң сонда қалуды қалайды. Сондықтан да қыз баланың "ұшқанда нені ілетіні ұядағы тәрбиесіне" байланысты. Анасы тәрбие тетігін уыстан шығармай, бөгденің босағасына аттанатын қызын діні де, ділі де бөгде елдіктермен бақытын байланыстырмауды балапан кезінен құлағына құйса артықтық етпесі анық.

Тұрмысқа шығуға ыңғайланып, шымылдығы желбіреп отырған қыздардың басым бөлігі әрине бақытының баянды болғанын қалайды. Тек бақыттың ұясы өз еліңде екенін ұқтыру қажет-ақ. Жат елдіктермен емес.

Былтыр Түркістан облысында 13 042 неке қиылса, оның ішінде 590-ы шетелдіктермен бас құрауды құп көріпті. Бұрымдыларымыздың басым бөлігі Өзбекстаннан өз бақытын тапқан. Сондай-ақ, Ресей, Молдова, Қырғызстан, Украина, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Моңғолияға шыққандар да бар.

590 аз емес, әрине…