​ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР БҮЙРЕК ТАСЫН АЛУ БОЙЫНША ЗАМАНАУИ ОТАНЫ СӘТТІ ЖАСАДЫ

0
101

Мұндай операция түрі бүгінде несеп-тас ауруын емдеудің «алтын стандарты» саналады. Оның басты артықшылықтары — жарақаттың аз болуы, оңалту мерзімінің қысқалығы және жоғары тиімділік.


​ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР БҮЙРЕК ТАСЫН АЛУ БОЙЫНША ЗАМАНАУИ ОТАНЫ СӘТТІ ЖАСАДЫ

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында айтулы оқиға орын алды: №1 қалалық клиникалық аурухананың уролог-дәрігерлері алғаш рет несеп-тас ауруына шалдыққан науқасқа жоғары технологиялық перкутандық лазерлік нефролитотрипсия (PNLT) отасын сәтті орындады. Бұл жетістік қалалық урологиялық қызметтің дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді.

Отаның сәтті өткені туралы ақпаратты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жариялады.

Операция жасалған науқас 1989 жылы туған азамат. Ол ұзақ уақыт бойы несеп-тас ауруымен диспансерлік есепте тұрған. Науқастың бұған дейін де бірнеше рет әртүрлі дәстүрлі оталар арқылы ем қабылдағанымен, бұл жағдайлар үнемі асқынулармен және тастың қайта түзілуімен сипатталып келген. Бұл жолғы тас тығыздығы мен орналасуы бойынша күрделі болғандықтан, мамандар ең заманауи және минималды инвазивті әдіс – перкутандық нефролитотрипсияны (PNLT) қолдануға шешім қабылдады.

Ота барысында бүйрек тасы тері арқылы жасалған небары 1 сантиметрлік тілік арқылы алынды. Бұл процедура лазерлік және эндоскопиялық технологияның көмегімен жүзеге асырылып, тас толықтай, қалдықсыз жойылды. Отаны жүргізген дәрігерлердің жоғары кәсіби шеберлігі мен аурухананың жаңа жабдықтарының үйлесімділігі осы күрделі манипуляцияны сәтті аяқтауға мүмкіндік берді.

Мұндай PNLT операция түрі бүгінгі таңда әлемдік медицинада несеп-тас ауруын емдеудің «алтын стандарты» болып саналады. Оның дәстүрлі ашық оталармен салыстырғандағы басты артықшылықтары:

  1. Жарақаттың аз болуы: Операциялық жарақаттың кішкентайлығы оңалтуды жеделдетеді.
  2. Оңалту мерзімінің қысқалығы: Науқас қысқа уақыт ішінде қалыпты өмір салтына оралады.
  3. Жоғары тиімділік: Тасты толықтай жою мүмкіндігі жоғары.

Науқас отадан кейінгі келесі күні-ақ өздігінен еркін жүріп-тұра алған. Бұл қалпына келу процесінің жоғары жылдамдығын көрсетеді.

№1 қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет жасалған бұл күрделі ота Шымкент қаласының урологиялық қызметінің жаңа деңгейге көтерілгенін және жалпы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Қала әкімдігі тұрғындарға заманауи және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді одан әрі дамытуға баса назар аударатынын мәлімдеді.

Бөлісу