Шымкенттік екі кәсіпорын арнайы экономикалық аймағының мәртебесін алды

0
2 801

Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және ОТӨ-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.


Шымкенттік екі кәсіпорын  арнайы экономикалық аймағының мәртебесін алды

Шымкенттік «ТПК «Alliance» және «Azala Textile» ЖШС тоқыма кәсіпорындары «Оңтүстік» АЭА-на кіретін өндірістер мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ендігі кезекте аталған кәсіпорындар, арнайы экономикалық аймақтың басқа кәсіпорындары сияқты, арнайы салық режимін пайдалануға құқылы екенін білдіреді. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және ОТӨ-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер Палатасы соңғы екі жыл бойы түрлі деңгейлерде бірнеше рет арнайы экономикалық аймақ аумағын кеңейту мәселесін көтерді. Алғаш рет тоқымашылар екі жыл бұрын Өңірлік палатаға біздікіне ұқсас, бірақ өзіндік құны бойынша арзан өнім шығаратын өзбекстандық өндірушілермен бәсекелесе алмайтындықтарын айтып шағымданған болатын. Бұл мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен кеңесте көтерілді.
"Шымкент елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру бойынша жетекші орын алады. Бізде еліміздің барлық жеңіл өнеркәсіп өнімінің 25%-ы өндіріледі. Шымкентте жұмыс істеп тұрған 328 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнында 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде Шымкентте мақтаны өңдей алатын 4 тоқыма кәсіпорны бар: «ТПК «Alliance» (бұрынғы «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ), «AZALA Textile», «AZALA Cotton» ЖШС. Олардың біреуі ғана «Оңтүстік» АЭА-ның аумағында орналасып, ерекше салық режимін қолдануда («AZALA Cotton» ЖШС). Сонымен қатар, Шымкент маталардан фурнитураға дейінгі дайын өнімді өндірудің толық циклі бар жеңіл өнеркәсіптің кластері болып табылады. Осы кластерді дамыта отырып, біз көршілес Өзбекстанмен бәсекеге түсе аламыз. Осыған байланысты АЭА тыс орналасқан екі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына АЭА мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз", - деп атап өтті "Azala Group" ЖШС директоры Берік Қадыралиев.
«Атамекен» ҚР ҰКП салалық министрліктер алдында мәселені көтеріп, ҚР Үкіметі басшысының тапсырмасынан кейін қаулы жобасы барлық орталық мемлекеттік органдармен келісілді.

Ақыр соңында атқарылған жұмыстар нәтиже берді. 2021 жылғы 19 ақпанда «ТПК «Alliance» АҚ және «Azala Textile» ЖШС екі тоқыма кәсіпорындары «Оңтүстік» АЭА субаймақтарына енгізілген арнайы экономикалық аймақтардың кейбір мәселелері туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қазандағы №624 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің №78 Қаулысы шықты.