Тойхана бизнесінде қызмет ететіндердің 90%-ы жұмыссыз қалған.
Шымкенттік кәсіпкерлер тойхана қызметіне рұқсат беруді сұрап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаевтың қатысуымен Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және салаларға жауапты басқарма басшыларымен отырыс өтті.
Кәсіпкерлер өз бизнесінің қала тұрғындарына пайдасын айтып, мемлекеттен берілетін көмек көлемін де сөз етті. Сонымен қатар, карантин кезінде көптеген кәсіпкер өз жұмысының тоқтағанын алға тартып, жұмыстарының жүрмей тұрғанын айтты.
Карантин енгізілгелі тоқтап тұрған той бизнесі туралы айтып, қаншама қызметкерлердің жұмыссыз қалғанын жеткізген кәсіпкер Берік Өтебаев тым болмаса кешкі 20:00-ге дейін тойхана жұмысына рұқсат беруді сұрады.
- Бүгінгі таңда той бизнесі саласындағы адамдардың 90% -ы жұмыссыз қалды. Тойхана субъектілері бүгінде ғимаратты күтіп ұстау, кейбір қызметкерлерін сақтау үшін үлкен шығынға ұшырауда. Бүгінгі күннің орташа шығыны 1-ден 3,5 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, көптеген тойханалардың банктер алдындағы несиелік міндеттемелері бар. Тойхананың өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң түрде сақтауға дайын. Ғимараттың толымдылығы 50%-дан аспауға, іс-шараларды 20:00-ге дейін өткізуге рұқсат берілсе екен. Ол ең болмаса қызметкерлердің жалақысын төлеуге және ғимаратты күтіп ұстауға сәл болса да көмек болар еді, - дейді «Мерей», «Шымкент холл» тойханалардын иесі Берік Өтебаев.
Одан өзге кәсіпкерлер де өз бизнесінің барысын сөз етіп, бір-бірімен пікір алмасты. Қала әкімінің орынбасары карантиннің уақытша екенін алға тартып, кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау жасалатынын айтты.