Бұл жетістік Шымкенттік оқушылардың биотехнология және гендік инженерия сияқты заманауи ғылым бағыттарына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға қосатын үлесінің зор болатынына сенім ұялатады.
Парижде өткен синтетикалық биология саласындағы ең беделді халықаралық жарыс — International Genetically Engineered Machine (iGEM) 2025 байқауында NIS-Kazakhstan командасы алған күміс медальге Шымкент қаласының оқушылары айтарлықтай үлес қосты. Бұл NIS-Kazakhstan командасының құрамында Шымкенттегі екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Қаратау және Абай аудандары) және басқа өңірлердің талантты оқушылары бірігіп, Қазақстанның атынан қатысқан жалғыз мектеп командасы болды.
NIS-Kazakhstan командасының жобасы – косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтау мәселесін көтеруге арналды. Бұл бағытты таңдауға және жобаның негізгі зерттеулерін жүргізуге Шымкенттік оқушылар белсенді атсалысты.
Команда әзірлеген proof of concept (концепцияны дәлелдеу) жүйесінің негізі – генетикалық модификацияланған HEK293T жасушалары арқылы косметикалық заттардағы қауіпті компонент – гидрохинонды анықтауға бағытталған. Бұл биосенсорлық тәсілді зерттеуде және жобаның техникалық-эксперименттік бөлігін дамытуда Шымкенттік оқушылар маңызды рөл атқарды. Олар халықаралық стандарттарға сай келетін зерттеу әдістерін меңгеріп, күрделі биоинженериялық міндетті шешуге өз үлестерін қосты.
Жобаның келесі кезеңінде оқушылар, оның ішінде Шымкенттік жас ғалымдар да, тұтынушыларға арналған портативті биосенсор құрастыруды мақсат етіп отыр. Бұл құрылғы қарапайым пайдаланушыларға косметикалық өнімдердің құрамын үй жағдайында тексеруге мүмкіндік береді, бұл – отандық биотехнология саласындағы үлкен инновациялық қадам.
iGEM 2025 байқауында Қазақстанның жалғыз мектеп командасының күміс медаль алуы – тек жеке оқушылардың ғана емес, сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және жалпы Шымкент қаласының білім беру жүйесінің сапасын көрсетеді. Әлемнің 60-тан астам елінен келген, ішінде университеттер мен аспиранттық деңгейдегі зертханалар бар 400-ге жуық командамен терезесі теңескен бұл жастар, шығармашылық ойлау мен ғылыми ізденістің жарқын үлгісін көрсетті.
Бұл жетістік Шымкенттік оқушылардың биотехнология және гендік инженерия сияқты заманауи ғылым бағыттарына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға қосатын үлесінің зор болатынына сенім ұялатады.


