Будвада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген жас боксшылармен кездесу өткізді.
Ел астанасында өткен кездесуге Черногорияның Будва және АҚШ-тың Пуэбло қалаларында 26 қазан мен 4 қараша аралығында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген жас спортшылар қатысты.
Кездесу барысында министр Ербол Мырзабосынов талантты жас боксшылар мен олардың жаттықтырушыларын құттықтап, ел спортына қосқан зор үлестері үшін алғыс хаттар табыс етті. Ол жас спортшылардың әлемдік аренадағы жеңістері Қазақстанның спорттық беделін нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жас боксшылардың еңбекқорлығы мен табандылығы жаңа буын үшін шабыт көзі болып табылатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Будвада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Ал Пуэблода өткен чемпионатта қазақстандық боксшылар 2 күміс медальға ие болып, ел спортының жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді.