​ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

0
112


​ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Бахрейнде өтіп жатқан ІІІ жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында шымкенттік спортшылар оң нәтижелерге қол жеткізуде.

Алтын медаль иеленген Максим Сажнев пен қола жүлдегер Ольга Изюмникованы теміржол вокзалынан жерлестері зор қошеметпен күтіп алды. Іс-шараға №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің басшылығы, жаттықтырушылар, спорт жанкүйерлері қатысты.

Ерлер арасында өткен диск лақтыру жарысының финалында, Қазақстан Ұлттық құрама сапында сайысқа түскен қалалық №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің спортшысы Максим Сажнев 63,23 метр нәтижемен алтын медаль жеңіп алды. Жерлесіміз қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырды. Бұл көрсеткіш – жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жаңа рекорды. Бұған дейінгі үздік нәтиже 62.03 метр болатын.
Бұған дейін Максим U-18 жас санатында Қазақстан рекордын жаңартып, 38 жыл бойы жаңаланбаған Виктор Горелышевтің жетістігін артта қалдырған еді. Сол кезде ол дискіні 59,71 метрге дейін лақтырып, жаңа ұлттық рекорд орнатқан болатын. Сондай-ақ, Ұлттық құрама сапында сайысқа түскен №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің спортшысы Ольга Изюмникова биіктікке секіруден 1.65 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Іс-шарада жасөспірімдер арасында Азия ойындарының жүлдегерлері мұнымен тоқтамайтынын, келесі жауапты бәсекелерге тыңғылықты дайындық жүргізетінін атап өтті.
Бөлісу