Шымкенттік студенттер «80 күн – 80 игі іс» атты бастаманы қолға алды

0
155

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтпек.


Шымкенттік студенттер «80 күн – 80 игі іс» атты бастаманы қолға алды

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «80 күн – 80 игі іс» атты бастаманы қолға алды.

Бұл жоба алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның аясында 9 мамырға дейін күн сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, ардагерлермен кездесулер, тәлімгерлік сабақтар, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері, фотокөрмелер және спорттық жарыстар жоспарланған.

Жобаға университет ректоры, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің Басқарма Төрағасы – ректоры Дархан Ахмед-Заки өз сөзінде оқу орнының тарихына тоқталып, соғыс жылдарындағы ерекше деректерді атап өтті.
– Біздің университетіміз сұрапыл соғыс жылдары, 1943 жылы құрылды. Оның алғашқы түлектерінің бірі, №1 диплом иегері – ұлағатты ұстаз Анатолий Александрович Балакирев Отан қорғау жолында ерлік көрсетіп, «Батылдығы үшін» және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Ол осы оқу ордасында білім алып, кейіннен проректор қызметіне дейін көтерілді. Сондай-ақ, университет қабырғасында бірнеше соғыс ардагері ұстаздық етті, – деді Дархан Жұмақанұлы.
Бұл бастама жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, ардагерлер ерлігін ұлықтауға және тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған.
Бөлісу