Шымкенттік зейнеткер мәжіліс депутаттарынан әке-шешесінің құнын сұрады

0
1 903

"Соғыстың кесірінен әке-шешесінен айрылып, жетімдікті әбден көріп, уақытысында білім ала алмаған, қатты қиналған адамға неге ешқандай статус жоқ? "


Шымкенттік зейнеткер мәжіліс депутаттарынан әке-шешесінің құнын сұрады

асы сексеннің сеңгіріне шыққан Сұлтан Шарафутдинұлының арызы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттарын таңқалдырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

1941 жылы дүниеге келген Сұлтан ақсақал екінші дүниежүзілік соғыста әкесінен айрылыпты. 1943-44 жылдары күйеуінің қан майданда қаза болғаны жөнінде қара қағаз келгенде, анасы да жүрек талмасынан мерт болған. Тұл жетім қалған баланы Жетісай ауданы жақтағы туыстары асырайды. Әке-шешенің мейірімін көрмеген ол қиындық атаулыдан көз ашпапты. Кеңес әскері жеңіске жеткенімен «сұм соғыс ата-анаңды алды ғой» деп, не Германия, не Кеңес үкіметі көмек қолын созбаған.

«Нұротан» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келген мәжілісмендер алдында осының бәрін тізіп келіп, жетімін жылатпаған егемен еліміз соғыста барынан айрылған жетімдердің статусын арнайы заңмен бекітіп, әлеуметтік көмек, жәрдемақы берсе деген тілегін айтты.

«Қарныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына өкін дейді қазақ. Мен әкемнің құнын сұрап жүрген адаммын. Қазақта бұрыннан бар адамның құнын сұрау. Кешегі соғыс кезінде 6 ай жұмыс істегендерге тыл ардагері деген статус берді. Ал, енді соғыстың кесірінен әке-шешесінен айрылып, жетімдікті әбден көріп, уақытысында білім ала алмаған, қатты қиналған адамға неге ешқандай статус жоқ? Менің Ресей мен басқа елдерде адамдармен хабарласып отырамын. Грузия, Молдавияда байланыста жүрген адамдар бар. Әскерде бірге болған адамдар бар. Соларда «одинок» болып қалғандарға статус беріп қойыпты. Соның себебін білмек болып келіп отырмын»,- дейді зейнеткер.

Бір қызығы еш пайдасы болмаса да, Кеңес үкіметі Сұлтан атаның әскери билетіне «одинок» деп жазып беріпті. Айтуынша, қазір соғыстан кейін туған зейнеткерлермен бірдей зейнетақы алады. Ешбір жеңілдік қаралмаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әбден қиыншылық көріп, небір нәубетті басынан өткергендердің тыл ардагерлері секілді жеңілдіктерге ие болғанын қалайды.

«Бүгінгі таңда мұндай мәселе үкімет тарапынан да, біздің тараптан да көтеріліп жатқан жоқ. Егер де алда еліміз бай-қуатты болып жатса, ол да көтерілуі мүмкін. Шыны керек, әртүрлі аймақтарға барып жүрміз ғой. Мұндай мәселені өз басым естімеген екенмін. Дұрыс қойып отырсыз. Сөзіңіздің уәжі бар. Мен енді өз деңгейімде әріптестермен ақылдасып көреміз. Себебі, тікелей мемлекеттің бюджетіне қатысты мәселе», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетов.