Шымкенттің халықаралық инвестициялық және іскерлік байланыстары кеңейіп келеді

0
55

Кездесу барысында Шымкент пен Милан қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі де сөз болды.


Шымкенттің халықаралық инвестициялық және іскерлік байланыстары кеңейіп келеді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының (ACIK) президенті Марко Береттамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, италиялық компаниялармен іскерлік байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Кездесуде Шымкенттің халықаралық көлік-логистикалық жүйедегі орнына ерекше назар аударылды. Қала әкімі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясында логистика мен көлік қатынасын дамыту үшін шаһардың тиімді географиялық орналасуы мен жоғары әлеуеті бар екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың транзиттік мүмкіндіктерін арттырып, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады.
Инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де кездесудің негізгі бағыттарының бірі болды. Атап айтқанда, қайта өңделген шикізатты, оның ішінде пайдаланылған майларды пайдалана отырып, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жобасын іске асыру перспективалары қарастырылды. Мұндай жобалардың жүзеге асуы заманауи технологияларды енгізуге, өндірістік әлеуетті арттыруға және экологиялық тұрғыдан тұрақты экономика қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тараптар туризм және мәдениет салаларындағы өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады. Жуырда Шымкент қаласында италиялық «Donna Avventura» туристік жобасының түсірілімдері ұйымдастырылған болатын. Осыған орай қала әкімі Марко Береттаға Шымкенттің туристік әлеуетін Еуропада кеңінен танытуға көрсеткен қолдауы мен қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Шымкент пен Милан қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының Құрметті консулдығы мен кеңсесін Шымкентте ашу бастамасы талқыланды. Аталған жобаларды жүзеге асыру екі ел арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге қосымша мүмкіндік береді.
Ғабит Сыздықбеков қала әкімдігі тарапынан заманауи технологияларға, инновацияларға және ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңа өндірістерді орналастыруға, сондай-ақ перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Шымкенттің халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейту және шетелдік инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті дамыту қала экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға және мегаполистің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға ықпал етпек.
Бөлісу