Алғашқы медициналық-санитариялық, консультативтік-диагностикалық және шұғыл медициналық көмек көрсету санатында №9 қалалық емхана І орынға ие болды.
Шымкенттің медициналық ұйымдары «Медициналық көмектің флагманы» байқауында республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, Шымкент жүрек орталығы елімізде бірегей ота жасау тәжірибесі үшін «Болашақтың медициналық технологиялары» номинациясының жеңімпазы атанды. Бүгін байқаудың қала бойынша да қорытындысы шығарылып, үздік медициналық ұйымдар марапатталды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауға МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін Шымкенттегі 174 медициналық ұйым қатысқан болатын.
Жүлделі орындарға ие болған медициналық ұйымдардың басшыларына марапаттарды ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева табыстады. Қор филиалының директоры бұл жетістіктер медициналық ұйымдардың сапалы қызмет көрсету, тиімді басқару және пациентке бағдарланған тәсілді дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Алғашқы медициналық-санитариялық, консультативтік-диагностикалық және шұғыл медициналық көмек көрсету санатында №9 қалалық емхана І орынға ие болды. «Алинур и К» клиникасы ІІ орынға, ал Шымкент қалалық Қан орталығы ІІІ орынға орналасты.
Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсету санатында Шымкент қалалық перинаталдық орталығы І орын алды. «Ортолайн» клиникасы ІІ орынды, Шымкент қалалық диагностикалық орталығы ІІІ орынды иеленді.
Медициналық ұйымдардың жұмысы медициналық көмектің сапасы, қаржылық тұрақтылығы, пациенттерді қолдау қызметінің тиімділігі, МӘМС аясындағы қызметтер мен жарналар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ Qalqan ақпараттық жүйесіне қатысу белсенділігі сияқты бірқатар көрсеткіш бойынша бағаланды.
Салтанатты шарада «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық қәсіптік одағы» ҚБ мен «Сенім» Республикалық қоғамдық бірлестіктің Шымкент қаласы бойынша филиалдары өз тараптарынан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарын табыс етті.


