Мерекелік кешке Шымкент қаласының өнер мектептері мен оқушылар сарайының талантты жастары қатысты.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» өнер мектебінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайту, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығын білдіру болды.
Шымкент қаласының білім басқармасы “Әдістемелік орталығының” директорының орынбасары Ақжарқын Турсынова мерекенің шығу тарихына кеңінен тоқталды.
- Алғыс айту күні – Қазақстандағы бірлік пен татулықтың символына айналған ерекше мереке. Бұл күн 2016 жылдан бері елімізде кеңінен аталып келеді. 1 наурыздың таңдалуы да кездейсоқ емес, себебі дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Бұл ұйым елдегі этностардың бейбіт өмір сүруі мен татулығын сақтауға зор үлес қосып келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырда Қазақстанға түрлі этностар қоныс аударған. Қазақ халқы сол уақытта жер аударылған жүздеген мың адамға көмек қолын созып, өздерінің соңғы нанымен бөліскен еді. Бүгінде еліміздегі түрлі этнос өкілдері осы тарихи жақсылық үшін қазақ халқына шынайы алғыстарын білдіреді. Бүгінгі мерекелік жиынның мақсаты осы күнді дәріптеу,-дейді ол.
Мерекелік кеш барысында көрермендер назарына түрлі әндер, билер мен сахналық қойылымдар ұсынылды. Оқушылар мен жас өнерпаздар халық әндерін орындап, қазақ мәдениетін дәріптейтін ерекше қойылымдармен көрермендердің көңілін көтерді. Сонымен қатар, оқушылар қазақ, өзбек, ұйғыр, корей және басқа да этностардың билерін орындап, мерекеге ерекше сән берді.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Ассамблея төрағалары, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары болды. Олар өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қазақ халқына алғыстарын айтты.