​Тоқаев Шымкенттің бас жоспарын қайта қарауды тапсырды

0
439

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.


​Тоқаев Шымкенттің бас жоспарын қайта қарауды тапсырды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттің бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.
Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын, – деді Президент.
Сонымен қатар тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударылды.
Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты.
Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.