Тұрғын үйді субсидиялау: Шымкентте мыңнан аса азаматтың өтінімі мақұлданды

0
496

Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысын мемлекет төлейді.


Тұрғын үйді субсидиялау: Шымкентте мыңнан аса азаматтың өтінімі мақұлданды

Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Қазақстандықтар үшін бүгінде түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қолжетімді. Атап айтар болсақ, жеңілдетілген несие, қолжетімді ипотека сынды бағдарламалар бар. Сонымен қоса, мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде биылдан бастап, тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы басталды.

Аталған бағдарлама негізінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85678 теңгеден аспайды. Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімдер 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы берген мәліметке сүйенсек, тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 1081 азаматтың өтінімі мақұлданған.


Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар және көп балалы отбасылар қатыса алады.


Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022 жылға - 36 018 теңге) соңғы 6 ай ішінде орташа табысы (111 656 теңге) аспауы тиіс.

Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс.

Өтініш берушілер үшін негізгі талаптар:

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) Отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын жиынтық табысының болуы;
3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюды және тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін растау;
4) Құқықтық кадастрда тіркелген тұрғын үй иесі мен жалға алушы арасында жасалған шарттың болуы.
Республикалық бюджетке жүктемені төмендету мақсатында және кейбір өңірлер бюджеттерінің тапшылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттерден 10% мөлшерінде қоса қаржыландыру жоспарланған. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар "Отбасы банк"АҚ-ға жүгіне алады.

ERNUR.KZ