Іс-шара барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оқушылар мен жастарға арналған тарихи-мәдени бағдарлама өткізілді.
ERNUR.KZ. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкенттегі Жеңіс саябағында “Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!” атты патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Ерлік музейінің бастамасымен өткен бұл жиын — майданда елі үшін жанын қиған боздақтардың рухына тағзым етіп, бүгінгі бейбіт өмірдің қандай қиындықпен келгенін ұғындыруды мақсат етті.
Іс-шара барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оқушылар мен жастарға арналған тарихи-мәдени бағдарлама өткізілді. Мерекелік көрме арқылы соғыс жылдарындағы сарбаздардың хаттары, фотосуреттері, жеке заттар мен сирек жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды.
Салтанатты бөлімде сөз алған спикерлер Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің директорының орынбасары Гүлмира Серікбай музей жұмысының басты міндеті – тарихты сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу екенін айтты.
“ Бұл көрмеде майдан даласынан жазылған хаттар мен сарбаздардың жеке заттары қойылды. Бұл жәдігерлер – тек естелік емес, олар ерліктің, қайсарлықтың нақты айғағы “, – деді ол.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері патриоттық өлеңдер оқып, сахналық қойылымдар көрсетті.
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Шымкенттен 23 мыңнан астам азамат майданға аттанған, олардың басым бөлігі елге оралмаған. Бүгінде Ерлік музейінің қорында 5454 экспонат бар, оның ішінде 3500-і экспозицияда көрсетілуде.