Вице-министр қамаудағы шымкенттік бас дәрігерге байланысты пікір білдірді

0
1 057

Операция жасау үшін А.Донбайды босатуы мүмкін.


Вице-министр қамаудағы шымкенттік бас дәрігерге байланысты пікір білдірді

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы бас дәрігері Абылай Донбайдың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Мәжілісте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Жақыпов адам ағзасын заңсыз алу күдігіне ілінген дәрігер туралы тілшілер сауалына жауап берді.

«Аталған оқиғаның себебін өздеріңіз білесіздер. Дегенмен түсінік бере алмаймын, заңнама қылмыстық істің мән-жайын ашуға тыйым салады. Бұлтартпау шарасы адам ағзасын заңсыз трансплантациялау фактісі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іске сәйкес іске асырылуда», - деген Рашид Жақыпов бас дәрігерге қатысты қамауға алу шешімі қабылданғанын еске салды.

Сонымен қатар, министрдің орынбасарынан тілшілер операция жасау үшін А.Донбайды босату мүмкіндігі туралы сұраған. Р.Жақыповтың сөзіне қарағанда, егер де қылмыстық істі жүргізу процесінде осындай өтінішхат болса, онда бұл өтініш қарастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін адам ағзасын заңсыз алып-салу күдігімен Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы қалалық коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері Донбай Абылай Әбдіжаппарұлы ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалғанын жариялаған едік.

Оған ҚР ҚК 264-бабы 2-тармағында (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабы 3-тармағында (адам ағзасын заңсыз алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылуда.