Астана қаласының жаттықтырушысы Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне қарсылық білдіріп, дауыс көтерді, кейін текетірес орын алып, ол төрешілерге физикалық күш көрсеткен.
Фото: Видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. 5 желтоқсан күні Ақтау қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезіндегі оқыс жағдайға байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі түсінік берді, деп жазады inform.kz.
– Аталған жекпе-жек күні Ақмола облысының өкілі Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының спортшысы Кенесарыәмір Маржықпаев кездесуінен соң, Астана қаласының жаттықтырушысы (К. Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне наразылық білдіріп, даудың соңы кикілжіңге ұласты, - делінген хабарламада.
Алайда эмоциясы басылғаннан кейін Ерік Маржықпаев бірден төрешілерден кешірім сұраған. Осы оқиғадан соң Қазақстан бокс федерациясы Атқарушы Комитеттің отырысын өткізді.
– Отырыс нәтижесінде Маржықпаев Е. бапкерлерді, төрешілерді, жарыс ұйымдастырушыларын құрметтемегені үшін және ҚР спорттық этикасын бұзғаны үшін бокстан жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстардан 2 жылға шеттетілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Спорт – бұл тек жарыс алаңы ғана емес, эмоцияның ортасы екенін де ұмытпаған абзал. Дегенмен, алдағы уақытта Министрлік мұндай жағдайлардың қайталанбауы және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін нақты шараларды қолға алып, профилактикалық жұмыстарды күшейтеді.
Еске сала кетейік, 5 желтоқсан күні Ақтау қаласында бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде Ақмола облысының спортшысы Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының өкілі Кенесарыәмір Маржықпаев кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен Ибрагимовтың пайдасына аяқталды.
Нәтиже жарияланған соң Астана қаласының жаттықтырушысы (К. Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне қарсылық білдіріп, дауыс көтерді, кейін текетірес орын алып, ол төрешілерге физикалық күш көрсеткен еді.