Елдос Сметов Парижде чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ел тарихында дзюдодан алтын медаль алған бірінші спортшы атанды.
ERNUR.KZ. Ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов Олимпиада чемпионына бір табын жылқы дайындап қойғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Әлеуметтік желіде асыл тұқымды жылқы асыраумен айналысатын Әнуар Махановтың Олимпиада чемпионына 100 бас жылқы сыйлағаны жайында ақпарат тарады. Кәсіпкер Sputnik Қазақстан тілшісіне ол мәліметті растады.
"Иә, рас. Елдоспен өзім сөйлесіп, 100 жылқы атадым", - дейді Маханов.
Оның айтуынша, жылқылардың бәрі асыл тұқымды. Біреуінің бағасы – 750 мың теңге. Ал тұқымы – қазақы жабы.
Қазақтың жабысы көбінесе оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыста өсіріледі. Денесі ірі, мойны қысқа, омыраулы, кеудесі кең, жоны жалпақ сауырлы, құйрық-жалы қалың әрі ұзын, денесі тығыз, етті болады. Салт мінуге де, жегуге де ыңғайлы. Алыс жолға төзімді. Жайылымда жүргеннің өзінде әр биеден тәулігіне 11 — 15 л сүт саууға болады. Жайылымда семірген жабыдан 230 — 250 кг таза ет түседі.
Айта кетейік, Елдос Сметов Парижде чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ел тарихында дзюдодан алтын медаль алған бірінші спортшы атанды.