Александр Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады

0
640

Халықаралық Олимпиада күнін Қазақстанда атап өту эстафетасын Солтүстік Қазақстан өз мойнына алды.


Александр Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады

ERNUR.KZ. Петропавлда жаппай велошеру өтті. Велошеруді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бастады, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Аталған мереке Қазақстанда 28-ші рет тойланбақ. Осыған орай, Ұлттық Олимпиадалық комитеті бүкіл маусымды олимпиадалық құндылықтарға арнайды. Барлық іс-шаралар халықаралық олимпиадалық қозғалыстың «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» жаңа ұранымен өтеді. Винокуров атындағы спорт сарайынан жүзден астам велошабандоз велошеруге шықты.

Ересектер мен балалар қала көшелерімен 10 шақырымдай жүріп өтті. Қатысушыларға Олимпиада күніне қатысқаны үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен елдің Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қол қойған сертификаттар табысталды.

"Мен осында келгеніме және спортты сүйетін жерлестеріммен кездескеніме қуаныштымын. Бұл күндері велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, сондықтан Петропавлды дәл қазіргі таңда велосипедшілер мекені деп атауға болады. Бүгінгі шараға қатысқандар қатарында болашақ олимпиадашылардың бар екеніне сенімдімін", - дейді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.

"Осындай ұзақ қашықтықты бағындырғаным үшін кеудемді мақтаныш кернейді. Ата-анам да жанкүйерлік танытып, қолдау білдірді. Бүгінгі мереке – тамаша мереке болып саналады. Енді жыл сайын атап өтемін деп ойлаймын", - дейді велошеруге қатысушы Ания Байгужинова.

Олимпиада күні аясында мерекені атап өту 20 маусымда Алматыда спорттық құзға өрмелеу бойынша сайыспен жалғасады. 21 маусымда Ақтауда бокс және дзюдодан шеберлік сыныптары өткізілсе, 23 маусымда елордада баскетбол ойындары, стрит воркаут, каноэде есуден және текболдан сайыстар ұйымдастырылатын спорттық шара өтеді.