Бауыржан Исламхан 2020 жылдың қыркүйек айында Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» командасы құрамында Азия Чемпиондар лигасындағы кезекті ойынынан кейін тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткен.
ERNUR.KZ. Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Бауыржан Исламханның футболдан екі жылға шеттету жазасының мерзімі аяқталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ел құрамасының 29 жастағы жартылай қорғаушысы бүгіннен бастап кәсіпқой командада жаттығу жұмыстарын бастауына мүмкіндік алып отыр. Ал желтоқсан айынан бастап кәсіпқой келісімшартқа қол қоюына болады.
Еске салсақ, Бауыржан Исламхан 2020 жылдың қыркүйек айында Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» командасы құрамында Азия Чемпиондар лигасындағы кезекті ойынынан кейін тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Одан тыйым салынған метилгексанамин табылып, екі жылға үлкен футболдан шеттетілді.
Бауыржан Исламхан 1993 жылы 23 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. 2011 жылдан бері қазақстандық «Тараз», «Астана», «Қайрат», Ресейдің «Кубань», Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» клубтары және ел құрамасында 311 ойын өткізіп, 74 голдың авторы атанды. Ел құрамасында 46 ойында 3 гол соқты.
Айта кетейік, бүгін футзалдан әлем чемпионаты аясында Қазақстан құрамасы Черногориямен кездеседі.