Ол өзінің 31 миллион теңге сыйақысын көмекке мұқтаж жандарға бермек.
ERNUR.KZ. Олимпиада жүлдегері Нұрислам Санаев Instagram-дағы парақшасында Олимпиада-2020-да жеңген қоласы үшін алған жүлдесін мұқтаж жандарға бергісі келетінін жазды, деп жазады Tengrinews.kz.
Нұрислам Санаев бала кезінен Олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу арманы болғанын айтты. Ол өзінің 31 миллион теңге сыйақысын көмекке мұқтаж жандарға беретінін жазды.
"Қазақстанда спортпен айналысамын деген адамға бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл президентiмiздiң спортқа деген оң көзқарасының нәтижесі. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандыққа қолдауларыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мен ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кездегі бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда Олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу арманым болатын. Бүгін де сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мен мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын!", - деп жазды спортшы.
Еске салайық, қазақстандық балуан Нұрислам Санаев Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Санаев еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақтағы балуандар жарысының қола медалін болгариялық Георгий Вангеловпен сарапқа салды. Қазақстандық балуан 5:1 есебімен жеңіске жетті. Спортшы Алматыға келгеннен кейін оған жаңа BMW сыйға тартылды.