Олардың бірі жекелей жарысқа қатысады.
ERNUR.KZ. Велоспорттан Қазақстан командасы 2004 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет төртжылдық додасына үш лицензия жеңіп алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Халықаралық велосипедшілер одағының рейтингінде Қазақстан 3259,35 ұпай жинап, 19-шы орынға тұрақтады. Іріктеу ережесіне сәйкес, бұл біздің команданың Токио ойындарына үш спортшы апаруына мүмкіндік береді.
Бас бапкер Асан Базаевтың айтуынша, бұл тарихи жағдай.
«Соңғы үш Олимпиада ойындарында біз осынша лицензия алмағанбыз. Сондықтан, біз үшін бұл жақсы нәтиже деп ауыз толтырып айта аламын. Команданың көрсеткіші толығымен көңілден шығады. Әрине, мұндай жетістікке жету үшін үздік спортшымыз Алексей Луценконың қосқан үлесі зор. Бір жыл бойы ұпайға таласқан командадағы өзге шабандоздардың да еңбегін жоққа шығармаймын. Жігіттердің барлығы да жоғары деңгейде жұмыс істеді. Жеңісіміз де көп болды. Ендігі жоспардың барлығы тікелей Олимпиада ойындарымен байланысты. Токиоға дайындық жоспарын түземіз. Оның ішінде биік тау деңгейінде өтетін жаттығу жиындары бар. Таудағы жиын Олимпиада қарсаңында өтеді. Команда құрамы туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Жаңа маусым әлі басталған жоқ. Спортшыларымыз азғантай үзілістен енді оралып жатыр. Олимпиада ойындарына қатысатын нақты құрамды Токиодағы дода жақындаған тұста айтамыз. Бізді тынымсыз дайындық күтіп тұр. Өз әлеуетімізді көрсететін мүмкіндік бар. Луценко нағыз бабында. Сондықтан, тек алға ұмтыламыз», - деді А. Базаев.
Әзірге белгілі болғаны, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында үш қазақстандық велошабандоз топтық жарыста бақ сынайды. Сондай-ақ, олардың бірі жекелей жарысқа қатысады.