Алматылық студент әлемдік брендтерден тапсырып алып жүр

0
354

Аружанның еңбегі әлемдік деңгейдегі Dior, Givenchy, Guerlain, Louis Vuitton, Chanel секілді танымал брендтердің назарын аударған.


Алматылық студент әлемдік брендтерден тапсырып алып жүр

Каллиграфия – өнер мен шыдамдылықтың, эстетика мен нақтылықтың үйлесімі. Бұл тек әдемі жазу ғана емес, адамның ішкі әлемін қағазға түсірудің ерекше әдісі.

Каллиграфия өнері ғасырлар бойы дамып, бүгінгі күні өзіндік мән-мағынасын сақтап, заманауи әлемде жоғары сұранысқа ие. Әдемі жазу мәдениеті адамның шығармашылық ойлауын дамытып қана қоймай, оның табандылығы мен ұқыптылығын да арттыратын өнер түрі.

Осындай нәзк әрі эстетикаға толы өнер түрін меңгерген Алматылық студент Аружан бүгінде әлемдік брендтерден тапсырыстар алуда.


22 жастағы Аружан Төлепова Алматы қаласындағы Қазақ-Британ техникалық университетінің IT менеджмент мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. Өз саласы бойынша білім алып жүрсе де, шығармашылыққа деген қызығушылығы оны каллиграфия әлеміне жетеледі.

"Бұл өнерді 2022 жылы интернеттен көріп, қызығушылығым оянды. Әуелі жай хобби ретінде айналыстым, кейін қатты қызығып, түрлі ұстаздардан білім ала бастадым. Уақыт өте келе картина, ашықхат, логотипке тапсырыстар түсіп, бұл іс менің негізгі табыс көзіме айналды", – дейді Аружан.

Аружан өз жұмысында жаңа техникалар мен құралдарды қолдануға тырысады. Ол өзінің шеберлігін халықаралық деңгейге шығару үшін шетелдік каллиграфтардан білім алған.

"Бұл өнердің шегі жоқ, үнемі жаңа дүниелерді үйреніп, тәжірибе жинау маңызды. Жетістікке жетудің басты жолы – үздіксіз еңбектену", – дейді ол.


Аружанның тапсырысқа жасаған картинасы


Аружанның еңбегі әлемдік деңгейдегі Dior, Givenchy, Guerlain, Louis Vuitton, Chanel секілді танымал брендтердің назарын аударып, олар қазақстандық шеберге ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныстар Instagram желісіндегі шығармашылық жұмыстары арқылы келіп түскен. Аталған брендтер өз VIP клиенттеріне тек қолдан жазылған ашықхаттар сыйлайды. Бұндай жауапты әрі эстетикаға толы жұмысты Аружан жазады. Ол әлемдік брендтермен келісімшартқа отырып, үлкен жобаларда жұмыс істеу арқылы жақсы табыс тауып отыр. Каллиграфия оған қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берген.


Әлемдік бренд GIVENCY-мен серіктестік

Жас каллиграф өзінің болашақ жоспарларымен де бөлісті. Ол Алматыдан өз студиясын ашып, бұл өнерге қызығатын жандарға үйретуді жоспарлап отыр.

"Каллиграфия – кез келген адамның үйренуіне болатын өнер. Бастысы, сабыр мен тынымсыз еңбек керек. Бұл өнермен айналыса отырып, өзіңді жаңа қырынан тануға мүмкіндік аласың", – дейді ол.


Барлық студенттерге Аружан Төлепова табандылық пен өз армандарына деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Оның жетістігі – еңбектің, талпыныстың және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Егер сіз де қандай да бір іске қызығушылық танытып, оған беріле еңбектенсеңіз, жетістікке жететініңіз сөзсіз!