Назарбаев Университетінің студенттері онкология жасушаларын өлтіретін гель ойлап тапты
сурет: Назарбаев Университетінің ресми парақшасынан алынды eng.nu.edu.kz
Ғылым әлемінде шектеу жоқ. Ғылымның дамуы адамзаттың алға жылжуына, жаңа мүмкіндіктерді ашуға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде ғылым мен инновация саласына ерекше көңіл бөлініп, жас ғалымдардың әлемдік деңгейде мойындалуы артып келеді. Жақында Назарбаев Университетінің жас ғалымдары Парижде өткен iGEM байқауында еліміздің атын асқақтатып, бүкіл әлемге Қазақстанның мүмкіндіктерін паш етті. Олар тек қана үздіктер қатарынан көрініп қоймай, ғылымға жаңа леп әкелген ерекше жобаларымен жаһан назарына ілікті.
iGEM дегеніміз — бұл синтетикалық биология бойынша әлемдегі ең мықты байқаулардың бірі. Мұнда студенттер өздерінің инновациялық идеяларын жүзеге асырып, оларды өмірде қолдану жолдарын іздейді. Биылғы байқауға 50-ден астам елден 437 команда қатысқан, олардың қатарында Harvard, Oxford және MIT секілді әлемнің ең үздік университеттері де бар. Назарбаев Университетінің жастары бұл жарыста "Онкология саласындағы үздік жоба" номинациясын жеңіп алды. Айта кету керек, соңғы 11 жыл бойы "iGEM NU" командасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ғылымды дамытып, жаңа инновациялар ойлап тауып келе жатқан жалғыз команда.
"NU" командасы "Sanagel" деген жобаны ұсынды. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл — қатерлі ісікке қарсы арнайы гель. Олар гельді генетикалық түрлендірілген бактериялар арқылы жасаған. Бұл бактериялар ісік жасушаларын тауып, тек соларға ғана әсер етеді. Сонымен қатар, гельдің қауіпсіздік деңгейі өте жоғары — яғни қатерлі ісікті тауып, оның жасушаларын жойған соң, гель басқа ағзаларды зақымдамай, өз-өзін жойып жібереді. Бұл технология қатерлі ісікті алғашқы кезеңдерінде-ақ анықтап, тиімді емдеуге көмектеседі.
Бірақ бұл ғана емес! Студенттер тағы бір маңызды жобамен "Үздік құрал-жабдық" жүлдесін жеңіп алды. Олар зертханалық ерітінділерді дайындайтын "NanoX" атты құрылғыны өздері ойлап тауып, құрастырған. Бұл құрылғы зертханадағы жұмысты оңайлатып, көп уақыт үнемдейді.
Команда мүшелері өз жетістіктерін университеттің қолдауымен байланыстырады. "Бізге ең жақсы жағдай жасалған, профессорлар әрдайым қолдап, бағыт-бағдар береді. Соның арқасында осындай үлкен нәтижелерге жетіп отырмыз," — дейді команда мүшелері.
Назарбаев Университетінің студенттері тек ғылыммен айналысып қана қоймай, қоғамға, әсіресе жастарға қолдау көрсететін бірнеше жобаларды да жасайды, Айта кетсек, олар ауыл мектептерінде ғылыми жәрмеңкелер өткізіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға жазғы лагерьлер ұйымдастырады. Студенттердің бұл жобасы - ғылымды бәріне қолжетімді етуге деген үлкен қадам.
"NU командасының" бұл еңбегі — Қазақстан үшін үлкен мақтаныш. Олардың жетістігі бізге көп нәрсені үйретеді: еңбек пен білімнің арқасында кез келген шыңды бағындыруға болады. Сондықтан, жас достар, армандаудан, әрекет етуден қорықпаңыздар. Ең бастысы — өзіңізге сену, талмай еңбектену және алға қарай ұмтылу. Назарбаев Университетінің студенттері сияқты, сіз де үлкен жетістіктерге жете аласыз. Қиялдарыңызға қанат бітіріп, әрекетке көшіңіз!
Материалды дайындаған: Кәрімхан Ж.