46 келі салмақ тастаған Мамадияр Таукеев: ӨТІРІК ӘНШІЛЕРДІ КӨРГЕНДЕ НАМЫСТАНАМЫН

0
3 142

Әнші Мамадияр Таукеев өзінің шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісті


46 келі салмақ тастаған Мамадияр Таукеев: ӨТІРІК ӘНШІЛЕРДІ КӨРГЕНДЕ НАМЫСТАНАМЫН

Суреттер: әншінің инстаграм парақшасынан

ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу редакцияның рұқсатымен ғана іске асады

Қоңыр дауысымен шырқаған әндері көпшілікті сүйсіндірген, Оңтүстіктен шыққан жұлдыздардың бірі - Мамадияр Оралбекұлы Таукеев. Оның жұлдызын жағып, бағын ашқан "Перизат", "Көңіл қымбат" әндері әлі күнге дейін елдің құлағында. Түлкібас өңірінен түлеп ұшқан, Халықаралық және Респубилкалық байқаулардың лауреаты атанған әнші бүгінде Шәмші Қалдаяқов атыдағы облыстық филармонияда қызет етеді.

Өнерде өзіндік орыны қалыптасқан әнші неге бірнеше жыл үзіліс жасады? Ал, шығармашылығында қандай өзгерістер болып жатыр? Мамадияр Таукеевтің өзімен әңгімелесіп көрдік.


- Әнші, жалпы өнер адамы дегенде елге бірінші оның өнері мен шығармашылы маңызды шығар. Қалыптасқан қағидадан ауытқымай біз де шығармашылығыңыздағы жаңалықтардан бастасақ... Не өзгеріс, қандай жаңалық болып жатыр?

- Шығармашылық жұмыстар жалғасын тауып жатыр, жаңа әндер жазылуда, бейнеклип туралы әлі ойланбадым. Шынымды айтсам, жасыратын ешнәрсе жоқ, лайықты ән таппай жүрмін. Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Майра Ілясова апаймен бірігіп бірнеше жобалар өткіздік, -зіміздің Оңтүстік өлкесінде. 2003 жылдан бері Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп келемін. Күз айларына қарсы шығармашылық ән кешімді жоспарлап жатырмын. Ол жоспарымыз іске асып, жұмыстар ретімен келсе, Шымқалада бесінші рет есеп беруім болады екен, әрине, бұйырып жатса.

- Біз теледидардан тыңдап, көріп жүрген Мамадияр мүлдем басқаша болатын. Айтпағым, сырт келбетіңіздегі өзгеріс... Шыны керек, мен көргенімде танымадым. Осылайша өзгеруге не себеп болды?

- Сырт келбетке келетін болсақ, өзге түгілі өзімнің де сенбей қалған кездерім болды. Өйткені, 46 кг-ға дейін салмақ тастадым. Алғашында диета ұстадым. Сол диета денсаулыққа қарай, біраз әлсіздікке, иммунитетті түсіріп алып, сонымен ішкі органдарды емдетіп, үш жылдай ем қабылдадым. Алла шүкір деймін, қазір барлығы қалпына, орнына келе жатыр. Елді де алаңдатып қойған секілді, әлеуметтік желілерде бұл сұрақ өте көп қойылады. Диета туралы сұрап жатқандар бар. Тіпті, рецептін сұрайтындар да кездесті. Кез-келген адам баласына, "ойбай, мен ауырып жатыр едім, денсаулығым болмай қалды, сол себепті де осындай күйге түстім" немесе "дәл осы жолмен аздым" деп айту кішкене маған ұяттау болды. Дегенмен де енді айтайын, денсаулыққа байланысты диета ұстадым. 46 кг салмақ жоғалттым. Ол диетаны үш жыл көлемінде ұстандым. Бірақ, сол жоғалтқан 46 кг-ның 20-сын қайта орнына алып келдік. Басқа денсаулық ешқандай сыр бермейді.

- Демек, қазір қорқатын ешнәрсе жоқ қой?

- Аллаға шүкір, денсаулық жақсы. Бәрі өз қалпында. Денсаулық Алланың аманаты дейді ғой, қазіргі таңда ешкандай кінәрәт тақпаймын.

- Сіздің әндеріңіз халықтың құлағында десек, қателеспейтін шығармыз. Әлеуметтік желідегі оқырмандарыңыз "Перизат", "Арманым" секілді әндеріңізді қайта өңдеп шығарса деген ұсыныстар айтқан екен. Бір емес, ұсыныстардың саны көп. Жалпы, елдің сұранысын қарастыруды ойлап көрдіңіз бе?

- Бірер ай бұрын "Қазақ" радоисында 1,5 сағаттық тікелей эфирде қонақта болдым. Толассыз хаттар мен қоңыраулар өте көп болды. "Сахнадан көрінбейсіз", "неге бұрынғы әндерді өңдеп шығармайсыз?" деген сиякты сұрақтар өте көп түсті. "Арманым" әні 3 рет өңдеуден өтсе де, көңілімнен шыға қоймады. "Перизат" әнін алдағы жоспарда жаңа өңдеу күтіп тұр. Алдағы есеп беру ән кешіме бұрынғы әндердің төртеуі жаңа өңдеуден өткелі тұр.

- Сізде хит болған әндер бар. Оған дәлел - көп жыл өтсе, де елдің аузынан түскен жоқ әндеріңіз. Сіздің ойыңызша, әннің хит болып қалыптасуы кімге байланысты?

- Хит ән дәл қазіргі заманда тойдың әндері немесе биге арналған әндердің басын құрап жатыр. Жас әншілер тек жаңалық жасауға ұмтылуда, қазіргі тілмен айтқанда хайп жасағылары келеді. Хит әннің өміршеңдері өте аз себебі, жарқ етеді де жоқ болады. Ары кетсе, 2 жыл. Нағыз ән шығуы үшін үйлесімділік керек. Әнші, сазгер, музыка өңдеуші, ақын бір-бірін тапқанда ғана жақсы ән, жаксы хит шығады деп ойлаймын. Өкінішке орай, заман талабына сай ән жазатын сазгерлер саусакпен санарлық. Е.Хасанғалиев, С. Байтереков, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяков сынды аталарымыздың әндерін орындаудан шаршамаймыз. Себебі, нағыз шеберлердің қолынан шыққан туынды. Хит жазар сауатты сазгерлеріміз көп болса, қазақ әндері ғасырлар бойы бір-бірімен тоғыспақ. Менің ойым осындай.

- Аға буын да өз бағасын алды. Алып та жатыр. Ал, жас әншілерден әндері керемет, еңбегі жемісті, халыққа ұнап жатыр деп кімді атап айта алар едіңіз?

- Талантты әншілер өте көп. "Бақ шаба ма, бап шаба ма?!" дейді ғой халқымыз. Ғ.Шекербеков, Н.Абдуллин сынды әнші бауырларымның өнерін ерекше бағалаймын. Қазақ даласында булығып шыға алмай жатқан қаншама талант иегелері бар. Димаш сынды таланттардың ауылдарында тығылып жатпағанына кім кепіл?! Жас әншілердің дауыстары ұнағанмен, көбіне әндерін ұната бермеймін.

- Нәпақасын тойдан тауып жүрген әншілер көп. Әндерінің көп бөлігін де сол жолға арнайтыны жасырын емес. Қазіргі әннің, музыканың қадірін осы той кетіріп жатқан жоқ па? Жалпы, той-бизнеске көзқарасыңыз қалай?

- Барлық әнші нәпақасын тойдан табады, ол сөзсіз. Жағдай жасау үшін сахнадан гөрі тойға ұмтылған жас әншілер толассыз, қайсының әнші екенін де түсінбей қаласың кейде. Нағыз әнші үшін бірінші, шығармашылықпен айналысып, сахнада жүруді армандау керек. Оған қоғам да кінәлі десем болады. Ән мен әншіні ажырата алмайды қазіргілер. Мәдениеті жан-жақты дамыған адамдар ғана музыкада дұрыс сындар айтып жатады.

Әншіге той әні сахна әндерінен қарағанда анағұрлым табыстырақ боп тұр. Дегенмен шын әншінің алдымен өз репертуары жан жақты болуы керек. Қандай да бір тақырыптар, мәселен, патриоттық, лирикалық, мейлі той әндеріде болсын. Тек жан-жақтылық болған дұрыс. Елді жалықтырып алмау керек. Той-бизнесте жүрген толассыз өтірік триолар, өтірік әншілерді көргенде намыстанамын. Артынан "нанын тауып жур ғой, қайтсін енді" деп қоя саламыз. Амал жоқ қой, енді. Жалпы өзге әншінің әнімен нан табу заңмен қудалану керек. Оған біздің елде ешкандай тосқауыл жоқ. Жасы келген әншінің даусымен жас қыздар жүр тойда ән салып. Халық соларды да ақшаға шакырып жатыр. Аз ақшаға шақырмайды. Осы жайт халықта талғамның жоқтығын аңғартады.

Қазақта той көп болсын деген тілек менде де бар. Бірақ, жалған емес, кәсіби әртістер өнер көрсетсе деген ниет қой.

- Шығармашылықтан сәл ауытқысақ... Жақында ғана сайлау өтті. Еліміздің Президентін тағайындау рәсімі өтті. Халық арасынан наразылық бар секілді. Сол үшін де шеруге шыққандар болды. Дәл осы қоғамдағы туындаған мәселеге байланысты ойыңыз қандай?

Менің таңдауым о бастан Қасым-Жомарт Тоқаев болатын (шатаспаппын). Президенттікке үміткерлердің ешқайсысын өкіметтен немесе биліктен көрген емеспін. Тек әлеуметтік желілер арқылы таныдым. Ел үміт артқан азаматтар елдің үмітін ақтай алмады. Елде болып жатқан жағдай журекке тиеді. Әсіресе, бейкүнә адамдарды автобусқа артып, артынан кешірім сұрап дал боп жатқан жағдайлар жанға батады. Жағдай ушығып, халықтың қаны төгілсе карап жатпаспын. Халықпен санасу керек билік өкілдері. Жағдайын жасау керек. Көшеге шыққан халык тоқтықтан емес, жоқтықтан шыкты. Енді елдің үміті ақталса деген тілегім бар. Бейбіт заманның бақытты ұрпақтары болуды Аллам нәсіп етсін.

- Иә, лайым солай болсын. Ал, енді өнерде жүрген адамсыз ғой. Сізге өзіңіздің салаңыздан, мәселен, мәдениет министрінің құзіреті қолыңызда болса, не жағдай жасар едіңіз?

- Нағыз өнерді дәріптеп журген азаматтарды жалған әртістерден ажырататын заң қабылдаған болар ем. Әртіс деген лицензия беретін ұйым аштырар едім. Әр аймақтан көркемдік кеңес құрып, әсіресе, ұлттық және республикалық арналардан беріліп жатқан жалаңаш клиптерге тосқауыл болатын жағдай жасар едім. Дәстүрлі өнеріміздің деңгейін жоғары сатыға шығарар едім. Әттең, билік жоқ қолда. Қазақ өнерсіз емес, тек орынсыз дүниелер көбейіп барады.

- Жақсы әннің өмірге келуі тек әншіге байланып қалмасы анық. Оның артындағы ақындар мен сазгерлердің еңбегі орасан. Қандай ақын-сазгерлермен тығыз байланыстасыз?

- Жаны әнге жақын, жүрегі өнер деп соғатын ақын-сазгерлермен жұмыс жасай беремін. Көбіне Қ.Сәтмұхамбетқызы, Ә.Ысқақ, Қ.Бахтиярқызы, Р.Әлімбет, Т.Арынғали, А.Өтебаев, А.Жүнісқожаев, Надыр-Шах, М.Маликов сынды аға, бауыр, әпкелермен жұмыс жасап келеміз. Кімді таңдаудан бұрын әнді таңдаймын, сосын өзі реттеліп кете береді.

  • Әңгімеңіз үшін рахмет. Шығармашылығыңызға алдағы уақытта да сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан: Г.Әмірәлі

ERNUR.KZ