Байқаулардың төрін бермейтін Тамырлан Тілекбай, өнердегі ағаларынан үлгі алады.
Суреттер ашық дереккөзден
ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу редакцияның рұқсатымен ғана іске асады
Талабы таудай жас өнерпаздардың қатары көбейіп, елдің көз қуанышына айналғаны қуантады. Әлеуметтік желіде танылып жүрген 13 жастағы атыраулық жас өнерпаз Тамырлан өнердегі ағаларының ізін қуып келе жатыр. Қаршадайынан-ақ байқауларға қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көрінген жас өнерпаз, бүгінде біршама елге танымал болып үлгерген.
Бастапқыда "Тойға шашу", "Махаббатқа әлі ерте", "Бала дейсің сен мені" әндерді елдің қуаныштары мен сахнада шырқап жүріп, қазіргі таңда жеке репертуарына тың туындылар қосылған. Кескін-келбеті мен имиджі Қайрат Нұртасқа ұқсағанымен, ән айтудағы ерекше стилі Төреғали Төреәлі ағасына ұқсатататындар көп.
Ән өнеріне аяқ басқан жас әншінің өзімен және анасымен біз де тілдесіп көрдік.
- Сәлем, Тамырлан! Міне, оқу жылы аяқталды. Барлық бала күтетін жазғы демалыс келді. Демалыста қайда боласың?
- Мен биылғы жаздық демалысымда шетелге шығамын. Осындай жоспар құрып жатырмыз. Шотландияға нағашы апама жол түсіп тұр. Ал, ол жақтан келгеннен соң шығармашылығыма қайтадан кірісемін.
- Соңғы қоңырау соғылды. Ал, оқу жылында көбіне ән кештері мен тойлардан көп байқап жүрдік. Сабағыңда кері әсері болған жоқ па?
- Иә, оқуым аяқталды толықтай.7 -сыныпты бітірдім биыл. Ән айтуым, сахнаға шығуым жалпы, шығармашылықпен айналысуым сабағыма еш қиындық болғаны емес. Мен негізі сабақ уақытында сахнаға шықпаймын.
- Мектептен мақтаулы қағазбен марапатталған шығарсың? Сабақ үлгерімің қандай?
Сабақ үлгерімім орташа. Мен мақтау қағазын тек әннен аламын (күліп)
- Ал енді шығармашылыққа оралайық. Ән әлеміне қалай тап болдың?
- Әншілікке ән айтып жүріп келдім. 3 жасымда қалалық «Айгөлек» фестиваліне қатысып гран-при иелендім. Міне, содан бері ән шырқап келемін. Алғашында патриоттық әндерді мерекелік іс-шараларда, тойларда шырқап шыңдалдым. Қазір үлкен сахналардан да өлең айтып жүрмін.
- Көптің көзі қырағы деп жатады ғой. Сыртқы бейнең Қайрат ағаңа келеді екен, иә? Ал ән салғанда Төреғали Төреәліні байқағандай боламыз. Бұл арнайы жасалған имидж бе?
- Енді, әрине елдің алдында өнер көрсетіп, сүйіктісі болып жүргендерге еліктеу бар. Әрбір әнші ағаларымыздан алатын жақсы жақтарын өзіме түйіп отырамын. Төреғали мен Қайрат ағама ұқсайды деп көбі айтып жатады. Өзіңіз айтқандай, шашым, түрім Қайрат болса, ән салуым Төреғали. Ол ағаларыма ұқсатып, айтып жатқандарына қуанамын. Мен үшін мәртебе. Бірақ, әдейі ұқсап өнерге келгенім жоқ. Мен Тамырланмын, стиль, имидж әншілерде біріне бірі ұқсай беретін шығар.
- Ал ол ағаларыңмен қарым қатынастарың қалай?
- Өнердегі ағаларыммен ара қатынас жақсы, сыйласпыз. Іні мен ағадай. Олар мені інім деп сыйлайды, ал, мен аға деп құрметтеймін.
- Ән қоржыныңда қанша ән бар? Жалпы қандай ақын, композиторлармен тығыз жұмыс жасайсың?
- Өзімнің авторлық әндерімнің саны 15-ке жетті. Басында тойға арналған әндер болатын. Қазір сахналық әндерім де көп. Тағы да жарыққа шығар әндерге жұмыс жасалып жатыр. Әлі жарыққа шығатын әндерім бар, өңделіп жатыр. Осы өнерге келгелі жергілікті Ақын Ерболат Қарақойшы - көп әндерімнің авторы, Алматылық Айжан Айдарова және Марлен Аралбай деген ақын-композиторлармен жұмыс жасап жатырмын, ұсыныстар көп, әнді таңдауға келсек, оны Анам шешеді.
- Енді Құралай ханым келесі сауал сізге... Өнер жолы - ауыр жол деп жатады. Ұлыңыздың дәл осы әншілікті таңдауда қандай да бір қарсылықтар болды ма?
Анасы Құралай ханым: Біздің әулет жалпы өнерлі әулет. Өнерден қашып, жатсынған емеспіз. Өнер жолы ауыр жол екенін білемін. Көріп те жүрмін. Балама қолымнан келгенше көмектесемін. Бірінші Аллаға аманат балам.
- Отбасыңыз туралы айтыңызшы. Тамырланның бауырлары да өнерлі ме?
- Жоғарыда айтып өткендей, біз өнерлі әулетпіз. Тамырланнан үлкен қызым бар. Есімі - Нұрай. Қызымның өнерге еш қатысы жоқ десем де болады, үйде онсыз да әнші көп. Қызым - болашақ дәрігер. Оның қалауы осылай.
- Тамырлан - есімі ерекше екен, кездесе бермейтін. Атын кім қойды?
- Иә, бұл сөзді біздер жиі естиміз. Көп кездесе бермейді. Тамырлан деп есімін өзім қойдым. Ұлымның тамыры кеңге жайылсын деген ниетпен ТАМЫРЛАН деп қойдым.
- Балаңыздың өнерге жақын екендігін қалай байқадыңыз? Ең алғаш байқауларға өзіңіз жетектеп алып барған екенсіз. Қандай жетістіктерімен мақтанасыз?
- Баламның әр басқан қадамы мен үшін жетістік. Болашағы айқын, бір Алланың қолында. Әншілік балама маңдайына біткен болашағы. Ал, енді байқаулардан еншілеген атақтарымыз да жоқ емес. Қалалық, облыстық «Айгөлек» фестивалінің гран-при иегері. 2016 жылы «Жас әнші» атағы берілді. 2017 жылы «Жыл жаңалығы» номинациясын Астана қаласында табыстады. Әншіліктен өзге сән әлеміне қызығушылығы бар. Сонымен бірге, спортпен де айналысады.
- Жоғарыдағы айтып өткен хитмен ағаларының артында ата-анасы тұрғандығы көпке белгілі. Бұл дәстүрді жалғастыру ойда бар ма? Дәл қазіргі уақытта продюсермен жұмыс жасайсыздар ма?
- Әзірге продюсері өзім. Продюсерді қажет етпейтін де шығармыз деп ойлаймын.
- "ТТ продюсерлік орталығы" турасында ой бөлісейікші. Қашан құрылды?
- ТАМЫРЛАН ОРТАЛЫҒЫ 2015 жылы ашылған болатын. Бүгінгі таңда қызу жұмыс үстінде. Би ансамблі қосылды. Қазақстанның әншісі, ағасы, ұстазы Төреғали Төреәлі арнайы ат басын бұрып, орталықтың лентасын қиды. Сонымен бірге балама жас та болса батасын беріп, қолтаңбасын қалдырған болатын.
- Ал, Тамырлан, алдағы жоспар қандай?
- Алда жоспарлар көп, жұмыста көп, өнер жолы болғасын жаңа әндер, бейнебаяндар, жеке концерт дегендей... алда жұмыс жеткілікті. Көп еңбектенуім керек. Сонда ғана елдің сүйікті ұлына айналатын боламын. Сол кезде ғана халық менің әндерімді сүйсіне тыңдайтын болады.
- Жарайсың! Талабыңа нұр жаусын!
Сұхбаттасқан: Г.Әмірәлі
Тағы оқыңыз:
"СЕМСЕР" тобы:"Халық әні жойылса, ұлттың болмысы жойылады"