«Ауылда қойларға концерт қоямын»: «Ұят болмасындағы» бала Мағжан бүгінде қайда жүр?

0
3 611

«Атақты адамның баласы болу оңай емес»


«Ауылда қойларға концерт қоямын»: «Ұят болмасындағы» бала Мағжан бүгінде қайда жүр?

2000 жылдары «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы танылған бала Мағжан, атақты Бекжан Тұрыстың ұлы бүгінде қайда жүргенін білгіңіз келе ме? Өнерді мұрат тұтқан өнерлі ұлдың жолын кезінде ата-анасы кес-кестеген деседі. Содан техникалық мамандықты аяқтапты. Алмас қылыш қын түбінде жата ма? Жастайынан өнер ауылының дәмін татқан ұл ақырында әкесіне «Егер Өнер академиясына түсуге рұқсат бермесеңіз, ауылға барып қойларға концерт қоямын!» деп алған бетінен қайтпайтынын білдіріпті. Сөйткен Мағжан Асаубай қазірде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жас актері. «Сұңқар», «Өмір дастаны-2», «Сүйе білсең-2», «Сарбаз», «Махаббат қызық мол жылдар», «Боран» және т.б. телехикаялар мен фильмдерде негізгі рөлдерді сомдаған киноактер.


– Алғашқы сұрақ. 2000 жылдары «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы танылған бала Мағжан өнер жолына адаспай келді ме? Естуімізше, өнерді мұрат тұтқан өнерлі ұлдың жолын кезінде ата-анасы кес-кестеген дейді...

– Қазақта «Ат айналып қазығын табады» дей ме? Негізі, шыны керек, бұғанам М.Әуезов театрында бекіді. 5 жасымнан театрдың шаңын жұттым, сахнасында аунап-қунап өстім. Бірінші сыныпқа қадам басқанда «Ұят болмасын» дүркіреп тұрған еді. Мені «Бала Мағжан», «Ұят болмасындағы» Мағжан» деп бүткіл кинолар мен бағдарламаларға шақыратын. Дегенмен, іштей «Мен неге өзге балалар сияқты ойнамаймын» деп ойлайтынмын. Ауылда алаңсыз ойнап жүргім келетін. Қазір Димаш Құдайбергенов қалай танымал болса, дәл сол сияқты көптің назары менде болатын. «Әке, мен ойнағым келеді, театрға бармаймын, ауылға кетемін» деп шағым айтатынмын. Содан үйдегілер «Еее, өнерді таңдағысы келмейді екен» деп ойлаған болуы керек, ауылдағы ата-апамның қолына табыстады. 7 сыныпта физика-математикалық мектебіне берді. Мектепті жақсы оқыдым. 3 сыныптан 5 сыныпқа «секірдім». Физ-мат мектебін жақсы бітіріп, заманның ағымына қарай әрі үйдегілердің бағыттауымен Алматы қаласындағы Энергетика және Байланыс Университетінің «Ақпараттық жүйе» мамандығына түстім. Алайда, ішкі даусым Өнер академиясын қалады. Өнерге қатты қызығатынмын. Күнде театрға барамын, спектакль көремін. Сөйтіп жүргенде үшінші курста үлкен киножобаға өттім.

Сол кезде әкем екеуміздің арамызда мынадай диалог болды.



– Әке, енді тағы да Өнер академиясына жібермесеңіз, ауылға барамын да, мал бағамын, малдарға концерт қоямын. Маған ештеңе қызық емес, - дедім.

Тура сол уақытта бірінші мамандығым бойынша үлкен компанияларға жұмысқа шақырған әкемнің таныстары, достары көп болды. Шыны керек, сол кезеңде маған ақша да, дүние де, жалпы ешнәрсе қызық болмады. Соңында әкем келісті. Бірақ «Өзің тапсыр, өзің түс, менен ешнәрсе сұрама, еш жерге араластырма» деп кесіп айтты. Сонымен техникалық оқу орнын бітірген соң 40 күнге әскери полигонға кетіп қалдым. Шашымды тықырлап алып тастағанмын. Ал Өнер академиясында қабылдау емтиханы жүріп жатыр екен. Аяқ астынан тапсырып, түсіп кеттім.


– Ал «Ұят болмасынға» қалай тап болдыңыз?

– «Ұят болмасынға» келуім қызық болды. Әке-шешем мені бір жасымнан бес жасқа дейін ауылдағы атам мен апама табыстаған болатын. Әкемдер ауылға жылына бір рет келіп тұратын. Жыл сайын жазда қалаға алып кететін. Сөйтіп жүргенде «Ұят болмасынның» кастингі басталды. Ауылдың тірлігін көрсету мен үшін түк те қиындық тудырмады. Кастингте иттердің даусын салдым, тауықтарды мойнынан қылғындырдым. Продюсері Серік Абас-Шах, режиссері Мұрат Бидосовке тура мен сияқты ауылдың баласы қажет болыпты. Кастингте менімен бірге 5-6 бала бақ сынаған. Олар біресе күшіктен қорқады, біресе жылайды. Ал мен сияқты ауылдың бұзық баласына бәрібір болды. Сол кісілер қызықты да, мені бірден бағдарламаға алып қалды.


– Ұлттық театрдың актерлік құрамына қабылданған 4 жылда өзіңізден, шығармашылығыңыздан өзгеріс байқадыңыз ба?

– Иә. Шыны керек, маған әлі де қиын. Өйткені, әкем Бекжан Тұрыс. Атақты адамның баласы болу оңай емес. Өйткені, ауыздығымен алысып жүрген асау сияқтысың. Өзің бірнәрсеге қол жеткізсең, әкесінің абыройының арқасында өтті ғой деп айтады. Ол айтылатыны заңдылық та. Ал егер шалыс басып, құлап қалсаң не ағаттық кетсе, тағы «Әкесінің атақ-абыройына мастанып, талтаңдап жүр» деп айтады. Мен қазір де екі есе жұмыс істеймін. Өйткені, шыны керек, театрға қабылданған кезде әкем: «Балам, есіңде болсын, жан жүрегің мен пейілің таза болмай, тазалық пен иманың салтанат құрмай, сахнаға шықпа!» деп түсіндірді. Себебі, әкем бірінші орынға әрдайым театрды қояды.

Әке-шешем бір жыл бұрын жол апатына түсті. Әкем жан сақтау бөліміне түсіп қалды. Анам екеуі екі айдай аурухана төсегіне таңылды. Сол кезде әлі есімде бір кісі «Әке-шешең апатқа ұшырады» деп хабарласты. Мен ауылға кеткен болатынмын. Әкемнің бас сүйегі, қол-аяғы сынып кетіпті. Тура сол уақытта театрда «Қара» деген спектакль қойылып жатқан. Бір аптадан кейін ауқымды фестиваль болуы керек-тін. Мен сол қойылымда режиссердің көмекшісі едім. Әкем хал үстінде жатса да бірінші айтқаны: «Балам, мен театрға қиянат жасап тұрмын ғой. Өмірімді театрға арнадым. Мағжан, сен бір мәнісін келтірші. Театр маған ренжімесінші» деп бірінші театрды ойлап тұр. Сонда ішім алай-дүлей болды. Соның бәрі мен үшін сабақ. Театрға кіргеніме төртінші жыл болып жатыр. Негізі әр спектакльден бір тәжірибе аласың ғой. Баспалдақтан өтіп жатырмын деп ойлаймын. Үлкен рөлдерді де ойнадым. Шағын эпизодтарда да көрініп қоямын. Шүкір, арманыма бір қадам болса да жақындап келе жатырмын.


– Қазір әкеңіздің денсаулығы жақсы ма?

– Шүкір, жақсы. Жол апаты қыста болды. 3-4 ай үйде жатты. Театрға келмеді. Шүкір Аллаға, қазір бәрі жақсы.


– Әкеңіздің театр өнерінде ойып алар орны бар. Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтың бірі. Атақты әкенің ұлы болған қандай екен? Осы уақытқа дейін балалықпен, жастықпен бұзықтық жасап, әкеңіздің атына сөз келтірген, өкінген кездер болды ма?

– Мектеп кезінде төбелесіп қалып, әкемнің ренжіген сәттері болды. Пенде болған соң шалыс баспай тұрмайсың. Десе де, үлкен жүк тұрады. Негізі не нәрсе істесең де артын ойлап тұрасың. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Мәәә, әкемнің атына кір келетін болды ғой» деп ойлап тұрасың. Кей кездері «Қойшы болды, жассың ғой» деп қолды бір сілтегің-ақ келеді. Артынша «Қой, ұят болады» дейсің.


– Бір үйде екі артистің мәмлеге келмей қалатын сәттері болып тұра ма?

– Онысын білмедім. Өйткені, біз әкем екеуміз үйде театр туралы көп сөйлеспейміз. Тіпті, әкем менің қай рөлге түсіп жатқанымды да білмейді. Спектакль біткеннен кейін ғана егер сын-ескертпесі болса, айтып кетеді. Жақсы болса жақсы дейді. Нашар болса «Не істеп жүрсің? Анауың болмайды» деп айтады. Тіке бетке айтатын адам ғой.Үйде қызу театр туралы пікірталас болмайды. Жалпы театр туралы ақыл-өсиетін айтады.


– «Ұлым, саған айтам» моноспектаклі ұрпақтар сабақтастығын шынайы бейнелейді. Әкеңіз екеуіңіз шымылдықсыз шындықты халыққа ұсындыңыздар. Сол қойылым театр репертуарына енді ме?

– Жоқ, ол әкемнің 50 жылдық шығармашылық кешінде қойылған спектакль. Сол қойылымды қоярдан 2 жыл алдын Бақыт Беделханмен «Ұлым екеуміз қойсақ» деп ақылдасып жүретін. Режиссер Асхат Маемиров, Бақыт Беделхан, әкем үшеуінің тамаша тандемінен туған дүние.


– «Қоштасқым келмейді» қойылымында Индира Құлмағамбетова екеуіңіз басты рөлдегі Митя мен Катяны сомдайсыздар. Осы қойылымға дайындық барысында нендей ізденіске бардыңыздар?

– «Қоштасқым келмейді» спектаклін 2015 жылы Асхат Маемиров ағамыз сахналаған. Ол кезде Индира да, мен де студентпіз. Митя мен Катя рөліне тура бір жыл бұрын вводпен кірген болатынбыз. Негізі осы уақытқа дейін Митяны Азамат Сатыбалды, Катяны Зарина Кәрмен ойнады. Одан кейін Аян Өтепберген, Абзалбек, Жанель Мақажанова, Салтанат Бақаева ойнады. Ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан қойылымды бізге де ойнау бұйырып тұр екен. Былтыр кірдік. Бір жыл болып қалыпты. Ізденіс дейтіндей бізде артық уақыт болмады. Бір жыл бұрын гастольде сахнада жүріп репетициядан өттік. Яғни, бізде рөл алып дайындалу деген болмады.


– Индирамен бірге ойнайтын қойылымдарыңыз тек осы қойылым ба, әлде басқа да спектакльдер бар ма?

– «Қар қызы», «Мақшар түнгі махаббат», «Пері қатын», «Қоштасқым келмейді», «Қарагөз» қойылымдарында екеуміз партнерміз.

Мен бір жыл жоғарғы оқу орнын басқа университетте оқыдым. Одан кейін екінші ЖОО-на түскен кезде Индира екінші курста оқып жүрді. Академия кезінен таныспыз, жақсы араласамыз. Сол кезде «Театрға барамыз, Ромео мен Джульеттаны ойнаймыз» деп қалжыңдасатынбыз. Құдай сәтін салып театрға кірдік. Негізі Ромео мен Джульеттаның рөлін береміз деп жатқан. Бірақ, әлі қойылған жоқ. Көбінесе екеуміз түсіп қаламыз.


– «Қоштасқым келмейді» қойылымынан соң Мағжанның өз Катясы, Индираның өз Митясы бар ма екен деген сұрақ туындайды. Негізі бастарыңыз бос па?

– Негізі басымыз бос. Әзірге өз жартымды таппадым.


– Ата-анаңызға қашан келін әкелетін ой бар?

– Бәрінің қоятын сұрағы осы (күліп). Осы сұрақтан қашып жүрем. «Ұлым, саған айтам» қойылымында әкемнің: «Балам, жар таңдау – гүл таңдау емес. Қызымның бар баласы, Балдан тәтті анасы. Ұлымның бар баласы, Сұр жыландай анасы» дегізбей, маған жақсы келін тап» дейтін тұсы бар. Адам жар таңдау мен мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Мәңгі бақи жан жарыммен бірге жүруім керек. Қазір жастыққа салып асығыс шешім қабылдағым келмейді. Алла тағаланың бұйырған күні ғой. Әкем айтпақшы, қыз таңдау гүл таңдау емес.


– Қыздарға қандай талаптар қоясыз?

– Ондай бір қатып қалған талап жоқ. Өзім бес уақыт намаздамын. «Бітті, сен де намаз оқуың керексің» деп айта алмаймын. Иман, намаз бәрі өз уақытымен келеді. Мені мәпелеп, аялап өсірген әке-шешеме адал келін болса деймін. Өйткені, үйдің жалғыз баласымын. Сондықтан, әке-шешемді де ойлаймын. Өмірде неше түрлі оқиғаларды көресің, естисің. Ертеңгі күні беттен алып, төске шауып жатса ол да жаман.


– Әкеңіз ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс бір сұхбатында: «Кино мен театрды қатар алып жүргендерден тұлға шығатынына сенбеймін. Олар сол танымалдылыққа қызмет етіп жүр» деген еді. Сіз де жас та болсаңыз, біраз кинотуындыда негізгі рольдерді сомдап үлгердіңіз. Әке сөзімен келісесіз бе?

– Иә, келісемін. Өзім театрда күні бойы жүре бергім келеді. Дейтұрған, қазір заманның ағымы басқа. Театр таза өнер. Бұл сөзіме кино актерлері ренжімесін. Өйткені, бір спектакльді шығару үшін 3-4 ай өтеді. Станиславскийдің тілімен «Егер де мен...» деп образға кіріп, санаңа сіңіремін дегенше біраз уақыт кетеді. Көбі «киноға түсемін де, атақты боламын, сосын спектакль ойнаймын» деп ойлайды. Менің де ішкі жан дүнием бұған қарсы. Мен үшін бірінші орында театр тұрады. Бірақ, кинодан өзіме ұнайтын жақсы ұсыныс түссе, әрине, келісуге болады. Бұл менің өз пайымым. Кино шықты екен деп театрдағы спектаклін тастап кетуге болмайтын шығар.


– Өз замандас, қатарластарыңыздың бойынан не көргіңіз келеді немесе нені көргіңіз келмейді?

– Атақты Досбол бидің: «Бақ деген ақсұңқар сияқты. Бәсі биік адамның басына қонады. Қазір бақ деген қара шыбын сияқты. Кім сасық болса, сонда қонады» дейтін сөзі бар. Шыны керек, кейде театрда сонша еңбектеніп жүрген адамдар неге бағаланбайды деген ой келеді. Негізі «Жаныңды тазартқың келсе, театрға кел» деп айтады ғой. «Ұлым, саған айтам» спектаклінде «Мен қазақтың болашағымын, әке. Ал болашақтың тақымында тақтан да қымбат ер-тұрман бар» деп айтатын сөзім бар. Жалпы қазіргі жастардың бойында «Мен – қазақтың болашағымын» дейтіндей ұлттық рух жетіспейтін сияқты.


– Театр мен кинода қандай рөлдерді армандайсыз?

– Студент кезімнен үш спектакльде қатты ойнағым келетін. «Ромео мен Джульеттадағы» Ромео, «Ревизордағы» Христофорд, үшіншісі «Қарагөзде» Сырымды ойнағым келетін.


– Сіз түскен «Боран» кинофильмі экранға шықпаған ба әлі?

– Иә, әлі экранға жол тартқан жоқ. Осыдан екі жыл алдын түсірілді. Тура сол кезде театрда да бос болдым. Қыс кезінде түстім. Қиын сахналар көп болды. Қыстың қақаған аязында тастай суға да құладым. Сол кезде «Көксеректегі» ағамыз да суға құлап, мүгедек болып қалды» деген ой болды. Құдай сақтасын деп іштей үрейлендім. Ешбір дублер болмады. Режиссер де «Мағжан, аттан құламауға тырыс» деді. Мен «Аттан құламай шықсам, камераға эмоцияны қалай беремін?» деймін. Ана өзеннің суына адамдар жазда да түспейді екен. Ал мен қыста, -40 градус болып тұрған кезде түсіп кеткенмін. Бұл да бір жастықтың буы шығар. Құдай қаласа, биыл жарыққа шығады деп жатыр.


– Суықтап қалмадыңыз ба?

– Ауырып қалдым. Сол жақта жатып бір апта емделдім.


– Сіз үйдің үлкенісіз бе?

– Кенжесімін. Үйде екеуміз, әпкем бар.


– Байланыс мамандығы бойынша дипломыңыз бар. Мысалы театрдан шығып қалдыңыз делік. Өміріңіз басқа арнаға бұрылды. Ол салада да істей аласыз ба?

– Бәрі бір Алланың қолында. Шыны керек, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Басыма салмай-ақ қойсын. Ондайды ойлағым да келмейді. Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді дейді ғой. Сократтың «Суық суға итеріп жіберсе, өзіңнен өзің жүзгіш болып кетесің» дейтін сөзі бар ғой. Сондықтан, кезінде мені физматқа беріп жіберді. Онда да ортаға байланысты үйреніп кеттім. АУЭС-ке де бейімделіп кеттім.


– Мағжанның біз білмейтін тағы қандай қырлары бар?

– Спортқа, әсіресе, ережесіз жекпе-жекке жақынмын. Мектеп кезінде әкем күрес, дзюдо, айкидо сияқты спорт түрлеріне жіберді. Мектеп бітірген кезде Ардақ Назаровтың мектебіне шақырды. Содан бері жеті жыл ережесіз жекпе-жекпен айналыстым. Ардақ ағам «Бәйгеге шығатын жүйрік аттарды білесің ғой, жарысқа дайындал» деп ұдайы қамшылап отырды. Ол жақта жүріп қолым да, мұрным да, қабырғам да сынды. Әлі күнге дейін жаттығуларды үзбеймін. Қалада жүргенде үзбеуге тырысамын, бірақ, бұрынғыдай екі уақыт деген жоқ.


– Спортта жетістікке жеткен сәттер болды ма?

– Жарыстарға үйдегілер жібермеді. Қарсы болды. Қазір сол кезде әке-шешемді тыңдағаныма қуанамын. Өйткені, жалпы өнерге бет бұрған соң құлағың сынса, бір ғана типті актер боласың. Бандиттің рөлін ғана ойнап жүресің. Боксердің тамағы – қолы, актердің наны – тіл, келбет.


– Анаңыз туралы айтыңызшы. Қандай адам?

– Менің мінезім анама ұсқайды. Туыстарым нағашыларына тартқан деп айтады. Бір орында отыра алмаймын, жыбырлап қалған адаммын. Әкемнің тұқымы жуас, баяу, байыппен істейді. Менің негізгі мотиваторым – анам. Абай атындағы университетте дәріс оқиды. Профессор. Әкемнің де жетістікке жетуінің себепкері, менің де тәй-тәй басқан қадамдарымның себепшісі. Қандай қиын сәттерде әкеме де, маған да дем беріп отырады. Бірнәрсе болса бірінші анама айтамын. Ол кісі: «Сүрінбесең, жете алмайсың. Адам тәуекелшіл болуы керек. Өмірге бір-ақ рет келдің. Қолыңнан келгенін істе, әрекетіңді жаса» деп айтады. Бір істі бастарда немесе бір жаққа барарда көбіне әкем «Қалай болар екен?» деп қарсы болады. Анам: «Бекжан, үндеме, көрсін, істесін» дейді. Сосын әкем көнеді. Қазіргі мотиватор, коучтардан кем түспейді. Барлық саладан хабары бар.


– Ұстазыңыз кім? Кімнің алдын көрдіңіз?

– Менің ең бірінші сыншым, ұстазым, ол – әкем. Өнер академиясына түскенде режиссер Алма Кәкішева ұстаздық етті. Одан соң Димаш Ізтілеуовтен сабақ алдым. Жалпы, театрдағы әріптестерімнің бәрінен үйренгенім, аларым мол. Бәрі мені кішкентайымнан біледі. Ақылын айтып жүреді.


– Театрға қонып қалған күндер бола ма?

– Әлі күнге дейін қонамын. Театрдағы жалпы процесс ұнайды. Жүре бергің келеді. Режиссураға да қызығамын. Келешекте спектакль қойып көргім келеді. Жоспарлар көп. Әсіресе, дайындық кезінде көп қонып қаламын. Түнгі 2-3-ке дейін дайындық болады, одан таңертең сахна қозғалысынан би сабағы болады. Үйге барып келгенше осында қона салайыншы деп ойлайсың.


– Сәтсіз шыққан рөлдер болды ма?

– Театрға жаңадан келген кезде қойылған «Қобыландыда» үлкен рөлді берді. Жаңа ортаға үйренісе алмай жүрген кездерде қиын болды. Қазірде сол рөлге бірінші рет шығатындай толқимын.


– Әкеңіз де, сіз де театрға берілген жансыздар. Театрдан басқа күнкөріс көзі бар ма?

– Өтірік айтпай-ақ қояйын, бізде бары тек театр. Басқа кәсіпке қызықпаппын да. Той да басқарып көрмеппін.


– Мағжан, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Өнеріңіз өрге жүзе берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ