Әйкерім Есенәлі: "Праймеризге қатысуға алғашқы болып ұсыныс айтқандардың бірі де өзі болатын".
Елімізде алғаш рет өткен саяси дода, праймеризде дауыс беру бүгін аяқталды. Бірінші қазаннан бері әркім өз кандитатын таңдады. Праймеризге ұсынылған кандидаттар көп және олардың ішінде елдің алдында жүрген, танымал тұлғалар да көп болды. Әрине, қоғамның, оның ішінде жастардың саясатқа араласа бастауы қуантады.
Десе де алдағы жоспарлары мен праймериз барысы туралы білу үшін, бүгін танымал тележүргізуші, журналист Әйкерім Есенәліге хабарласқан болатынбыз.
Қарашаш Есенбай: Праймеризге қатысуға ұсыныс болды ма, әлде өзіңіз қатысқыңыз келді ме?
Әйкерім Есенәлі: Өзімнің таңдауым! Әрине, саясаттағы тәжірибесі мол мамандар, әріптестерім мен достарым да «Неге қатыспайсың?» дегендей ұсыныстар айтты. Өзіме сенімді болмай, «Маған әлі ерте шығар...» деп те ойлап жүрдім. Бірақ, осы адамдардың айтқанынан кейін батылдау болып, шешім қабылдадым.
Қарашаш Есенбай: Нәтижеңіз қалай, көңіліңізден шықты ма?
Әйкерім Есенәлі: Өзім күткендей деп айта аламын. Негізі саясатта шоу-бизнес сияқты жарқ етіп, жұлдыз болып кету қиын. Яғни бірден танылып кетпейсіз! Қиындау... Саяси тұрғыдан алып қарасақ, менің саясатқа қадам жасап жатқаныма көп болған жоқ. Мен сияқты жандарға саяси құрылымдарға араласу біртіндеп жүзеге асуы керек деп ойлаймын. Журналист ретінде соңғы жиырма жылда радиожурналист, тележурналист сияқты қызметтерді атқара келіп, саясаттағы басқа бағыттарды жақсы түсіндім. Сол сияқты елімізде қазір өтіп жатқан праймериз - елдегі саяси шешімдердің және кез келген проблемалардың, заң шығару және оларды жүзеге асыру механизмін жүзеге асыру сияқты проблемаларды ұғынуға арналған алғашқы, әрі негізгі қадамдардың бірі. Өзім сенатта жұмыс істегеннен кейін, заң шығарудың қыр-сырын, оның барысында туындайтын мәселелерін түсініп жүрмін. Сондықтан осы уақытқа дейін оқыған, білімі жетілген адамдар үшін праймериз - өзін көрсетудің бір жолы болса, мен үшін үйренудің, партияластарым мен халыққа мүмкіндігімнің барын көрсетудің жолы. Оның үстіне қазір саясаттану мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатырмын.
Бұл - бірінші тәжірибе емес, алғаш рет 2004 жылы парламент сайлауында, екі жылдан соң тағы да сайлау процесстерінде жұмыс істеп көргем. Кейін президенттік сайлауда тәуелсіз бақылаушы болдым, үгіт-насихат та жүргіздім. Айтқым келгені, саясатқа қадам жасау, жоғары орында отырып билік жүргізу емес! Журналист болған соң, өзіндік зерттеу жүргізіп жүресің. Саяси бағдарламалар мен саяси сұқбат жүргізгеннен кейін елімізде нақты істерді істейтін жаңа толқын керек екенін және сол толқынның бірі бола аламын-ау деген ой пайда болды. Тағы бір айта кететін нәрсе, көпшілік праймеризді сынап жатыр ғой... мысалы, мен енді праймеризде онша бір уәде берген жоқпын. Бағдарламамда жазылған дүниенің бәрі онсыз да осы уақытқа дейін істеп жүрген жұмыстарым. «Мирас» Қоғамдық Кеңестің құрамында жұмыс істегенде Оразкүл Асанқызы сияқты аға буын жанашырлармен қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында көптеген мәселелерді көтердік. Бағдарламамда айтылған «қала тазалығы», «эко-тазалық», «ана мен бала денсаулығы» секілдінің бәрі өзімнің күнделікті өмірде жасап жүрген істерім.
Қарашаш Есенбай: Праймериз елімізде алғаш рет болып жатыр. Бұл біздің саяси аренаға қаншалықты өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?
Әйкерім Есенәлі: Біріншіден, үлкен өзгеріс - адамдар елімізде болып жатқан үлкен проблемаларға назар аударады. Мен - әрдайым демократиялық қоғам дамуының жақтаушысымын. Себебі, халық пен билік арасында ашық диалог болуы керек деп есептеймін.Билікте не болып жатқаны халыққа белгілі болу керек! Тек қана ресми жаңалықтардан емес, әлеуметтік желі арқылы немесе кез келген маркетингтік тәсілдер арқылы халық бәрінен хабардар болу және үн қосу керек. Праймериз - саясаттағы танымал адамдардан бөлек, халықтың қамын ойлайтын белсенді адамдардың да саясатта белсенді болуына мүмкіндік береді. Бұрын мысалы, билікке осы мәселелерді қалай жеткізсем болады деп қиналып жүргенжандар қазір осы праймериз арқылы өз ойын ашық жеткізе және сол мәселесіне билік назарын аударта алады. Сондықтан, билікті кінәлай бергенше билікке ұмтылсақ, қоғамды өзгерте аламыз!
Қарашаш Есенбай: «Карантин қайта басталады» деген сыбыс бар. Өткен карантин халыктың әлеуметтік жағдайына қатты әсер етті. Сол жағдай қайталанбас үшін, нендей ұсыныс тастар едіңіз?
Әйкерім Есенәлі: Еліміздегі күнкөріс деңгейі қателеспесем 33600 теңге, ал 42500 теңге ол орташа есеппен есептеген кезде шығатын сома. Бірақ мен бұны қалай есептегенінтүсінбедім... Күнкөріс минимум суммасы біздің халыққа керек ең, ең қажетті әлеуметтік заттарды сатып алуға жетпейді. Көптеген дамыған елдерде табысы көп кәсіпкерлерге салықтық мөлшерін әдеттегіден көп етіп төлетеді. Соның арқасында күнкөріс деңгейі төмен адамдарға материалдық қолдау мәселелерін оңай шешеді. Ал, біздегі салық шағын, орта және алпауыт бизнес иелерінің бәріне бірдей. Бір экономистер «зейнетақы қорындағы ақшаны алу керек» дейді, бірақ оны шешіп алуға да бәрінің мүмкіндігі келе бермейді. Күнкөріс деңгейін қайта есептеу керек деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Бағдарламаңызда сыбайлас жемқорлық туралы да бөлімді қосыпсыз. Бұл - бізде жиі талқыланатын проблема. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз өміріңізде сондай жағдаймен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма, мысалы эфирге шығу үшін пара сұраған, не ұсынған..?
Әйкерім Есенәлі: Жоқ, ұсынған емеспін! Керісінше, эфирге шыға алмай қалған кезім көп болған.
Екіншіден, әріптестерімнің арасынан пара беріп эфирге кім шыққанын білмеймін, бірақ ондай жүргізуші бәрібір эфирде білініп тұрады.Көрермен өзі-ақ, кімнің қандай екенін, қалай келгенін байқайды. Сондай-ақ, менің кәсіби деңгейім - пара беріп эфирге шықпағанымды көрсетеді деп ойлаймын. Эфирдегі менің ең басты көмекшім - менің тәжірибем. Тәжірибесі, білімі бар адам пара бермейді! Пара беретіндер - өзіне сенімсіздер. Сондай-ақ, осы жемқорлыққа қатысты еліміздің ақсап тұрған тұсы - білім. Оқу сауаттылығы, заңнамалық, экономикалық сауаттылықтан біздің біліміміздің төмендігі байқалады. Егер қоғамдағы адамдардың даму деңгейі жақсы, өздері мен білімдеріне сенімді болған кезде, бір-біріне пара беруді, алуды да тоқтатар еді! Жемқорлықпен күресуді күнде айтамыз, осылай қыспаққа алу арқылы нәтижеге жетеміз деп есептеймін. Осыдан он жыл бұрын қарапайым, жол полициясынан кез келген жүргізуші қорқатын еді, ал қазір олай емес, жүргізуші құқығын біледі! Бұл дегеніміз – жиі айту арқылы, тиісті шаралар қолдану арқылы нәтиже шықты деген сөз.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз болашақта түбегейлі саясатқа кетуіңіз мүмкін бе?
Әйкерім Есенәлі: «Алланы күлдіргің келсе, болашаққа жоспар құр» деп айтады ғой (күліп). Өмірім қай жаққа бұрылып, бағытым қалай өзгерсе, солай болады. Мысалы, соңғы кезде айналамда саяси тұлғалар, саясатты жақсы көретіндер, қоғамға өзгеріс әкелгісі келетін шынайы патриоттар көбейді. Екінші жағынан, өзімнің бойымда сондай өзгерістерге ұмтылатын қабілеттер ашылды. Өйткені, ана болдым. Баламның жақсы қоғамда өмір сүргенін қалаймын. Баламның университетте, не жұмысқа орналасу үшін ақша бергенін қаламаймын. Сондықтан дұрыс қоғам қалыптастыруда өзімнің де үлесімді қосқым келеді.
Қарашаш Есенбай: Ойыңыздың орындалуына тілектеспін. Десе де біздің қоғамда саясатқа келген әйелдер әлі де көп сыналады. Ол туралы өзіңіз де жазған екенсіз. Өзіңіздің жолдасыңыз қалай қабылдады?
Әйкерім Есенәлі: Ол кісі қолдады. Праймеризге қатысуға алғашқы болып ұсыныс айтқандардың бірі де өзі болатын. Ал, сынайтындар қашан да табылады. Сондықтан мен айтылып, жазылып жатқан сынның өзін саралап қараймын.
Қарашаш Есенбай: Әйкерім ханым, қоғамның дамуы үшін істеп жатқан істеріңізді мен де қолдаймын! Сұқбатқа келіскеніңізге рақмет!