Әнші Руслан Сатеновпен сұхбат.
Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Руслан! Өзіңізден гөрі әндеріңіз танымал. Сондықтан алдымен өзіңізбен танысқымыз келеді.
Руслан Сатенов: Сәлеметсіздер ме! Қалайсыздар? Менің есімім - Руслан. Сөзіңіздің жаны бар. Олай болуына мына жағдайлар әсер етті деп ойлаймын. Негізі 2018 жылы бізге шақыртулар өте көп түскен еді. Л.Сұлтанқызы да, "Түнгі студия", "ҚызықTimes", "Астарлы ақиқат" бағдарламалары шақырды. Бірақ тойда болғандықтан, ешқайсысына бара алмадым. "Уәде - Алланың сөзі" деген ұстанымым бар. Бірінші қайда уәде беремін, сол жаққа барамын. Тойдан бөлек концерттерімізден босай алмадық, бір жағы өзім де дайын емес едім. Интервью беретіндей, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе атқара қоймағандықтан да сәл қысылу болды. Алла қаласа, біраз жұмыс істейін, сұхбат беретін жағдайға жетейін, еңбек етейін сосын барармын деп өзіме уәде беріп қалған едім. Енді сіздер де солай Алматыдан хабарласып шақырдыңыздар. Мен Шымкентте тұратындықтан байланысымыз тек телефонмен болып тұр. Көп рахмет!
Қарашаш Есенбай: Алғашқы әндеріңіз миллиондаған қаралым жинады. Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
Руслан Сатенов: "Алғашқы ән" деп айта алмаймын. Себебі "Апа" әніне дейін 15-16 әнім шыққан. Кейін 2015 жылы "Алты жарым, жеті жарым", 2016 жылдың аяғында "Қызыңызды алам, апа" деген әнім жарық көрді. Осы әнге бейнебаян түсірген едік, қаралымы 47 миллион болыпты. Артынша "Апа-2" дегенді түсірдік, оның қаралымы 13 миллион болды. Бұдан бөлек "Тыңдарман қыз", "Ұмытпадым", былтыр шыққан "Красавчик папа" әндерім миллиондаған қаралым жинады.
Алла қаласа, жаңалық бар. Жаңа 5 ән дайындап қойдық. Оның біреуін шығарып, сайттарға, әлеуметтік желілерге салдық. "Жүрек жас" деп аталады. Сіздерге де тыңдауға кеңес беремін. Жастық шақты еске салатын ән десем де болады. Қалған 4 әнді шыққанда тыңдарсыздар.
Қарашаш Есенбай: Шоу-бизнесте өзіңді қалыстастыру мен тұрақтану үшін демеуші, қолдаушылардың керегі анық. Өзіңіздің демеушіңіз бар ма?
Руслан Сатенов: Менің демеушім - Алла және ата анамның батасы. Қалғаны - өзімнің еңбегімнің арқасында деп ойлаймын. "Еңбек, еңбек бәрін жеңбек". Ешқандай демеушім жоқ.
Қарашаш Есенбай: Әндеріңізді қалай таңдайсыз, кімдермен кеңесесіз?
Руслан Сатенов: Шынымды айтсам, кеңесетін ешкімім жоқ. Ән өзіме ұнаса - шығарамын, ұнамаса - шығармаймын.Таңдау өзімде.
Қарашаш Есенбай: Жалпы той әндері, жеңіл әндер тез таралады. Ал нағыз өнер адамдары көбіне оған өз өкпесін айтып жатады. Сіз қандай пікірдесіз? Жеңіл әндер өнерде уақытша емес пе?
Руслан Сатенов: Бұл өмірдің өзі уақытша емес пе?! Әндерімнің ішінде ондайлары бар да шығар. "Алты жарым, жеті жарым" әнін әзіл үшін шығарған едік. Бірақ оны ешқандай мән-мағынасыз деп айта алмаймын. "Не ән мынау?" дегендер де болды. Қайырмасын ғана естіп, "ойбай, не ән" деместен бұрын әнді толық тыңдап көру керек. Жаңа айтып өттім ғой, олардың алдында да қаншама ән жарық көрді. Барлығының да мағынасы бар, лирикалық туындылар. Олар көпке тарамаған соң білмеуі мүмкін. Аға-әпкелеріміздің өкпесі өте орынды. Өнер өлмесін, былғанбасын, өсіп келе жатқан біз сияқты іні-бауырларына жақсы болсын дейді ғой. Олар да бекерден-бекер шырылдамайды. Мен толықтай келісемін.
Жалпы өзім сөзге қатты мән беремін. Әннің сөзін жаздырған кезде беделі биік, сауатты ақындарға жүгінемін. Қ.Жаманқұлов, Т.Тұрысбек деген ұлдарыңыз бар. Көбіне осы екі жігітпен жұмыс істеймін. Ешқандай мін жоқ сөздерінде.
Қарашаш Есенбай: Әндеріңіздің тақырыбы да түрліше, қызықты. Идеяны қайдан аласыз?
Руслан Сатенов: Идеяны өзім табамын. Ақындарға өзімнің идеяммен барамын. Маған осындай тақырыпта ән жазу керек деп. Солай туынды дүниеге келеді.
Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рақмет!