​"Коронавирус туралы кітап шыққанын көбі білмейді, ал мен оқып қойдым": Танымал блогермен эксклюзивті сұқбат

0
4 690

"Сәкен Майғазиевтің қатесін тауып, анасының батасын алдым".


​

Ол – он екі ай кітаппен шай ішеді, ол – инстаграмдағы қазақ тілінің гуглы. Менің бүгінгі кейіпкерім – инстаграмда өзінің қызықты әңгімелерімен танымал блогер, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Бұлақбай.


Қарашаш Есенбай: Айнұр ханым, қазір өз аудиторияңыз бар блогерсіз. Ал алғашында инстаграмға қалай тіркеліп едіңіз?


Айнұр Бұлақбай: Алғашында инстаграмға тіркеліп, танымал боламын деген ой болған жоқ. Мұндай желі барын ауылға барғанда сіңлімнен естідім. Олардың үнемі телефонға қарап отыратындарын байқап, «Осының ішінде не бар?» сұрадым. Ол 2014 жылдары ғой, "инстаграм" деген сөзді теледидардан жиі естіп, бірақ мән бермей жүрген кезім. Сіңлім инстаграмның ішінде жұлдыздар барын, Қарақаттың не жегенін, Қайраттың қайда кетіп бара жатқанын біліп, Тазабековтың сөздерін оқуға болатынын айтты. Мені ұстаған "сөз" деген cөз. Маған жұрттың кигені, жегені қызық емес, Мұхамеджан секілді ағалардың сөздерін оқығым келді.

Сосын арада көп уақыт өтпей күйеуім жаңа телефон сыйлады. Оны алған күні қайынсіңіліме «инстаграм ашып берші» дедім. Сол кезде оның парақшасына 600 адам жазылған екен, "мына алты жү-ү-үз адамды қайдан тауып алғансың?" деп таң қалғанмын (күліп). Сіңлім мен қайынсіңлім инстаграм ашып, қалай сурет салып, жазу жазу керегін үйретті. Бастапқы кезде ештеңе жарияламай, тек өзгелердің парақшасын оқып отыратынмын.


Қарашаш Есенбай: Олай тыныш оқып отыратын желі пайдаланушысы көп қой. Сіздің белсенді қолданушы болуыңызға не түрткі болды?


Айнұр Бұлақбай: Өзіме ұнайтын түрлі парақшаларды оқып, бірақ пікір жазбайтынмын. Бірде лентадан «Шешесін кіргізбепті...» деген әңгімеге көзім түсті. Онда әйелі күйеуінің рұқсатынсыз шешесін үйге кіргізуге болмайды деп жазыпты. Ол хикая қатты ызамды тудырды. Өйткені Шымкентте тұрған жылдары осындай бір оқиғаға куә болған едім. Жолдасымның бір танысының әйелі енесі қонаққа келсе «Үйде күйеуім жоқ кезде бөтен адам кіруге болмайды» деп кіргізбей қояды. Кешке үйіне келген күйеу анасының сыртта отырғанын көріп, жайын сұрағанда келіннің кіргізбей қойғанын айтады. Сол кезде жігіт әйеліне, оның ұстаздарына «Қазаққа бұл қайдан келген заң, қандай дін үйретіп жүрсіңдер?» деп айқай салады ғой. Осы жағдайды көрген маған жаңағы инстаграмдағы жазба пікір жазбасыма қоймады. Сосын оның дұрыс еместігін, қазақтың салтында ананы қадірлеу керектігін жазсам, бір кішкентай қыздар «Осы сендер қуа бермеңдірші» деп жауап жазыпты. Ол МҰҒАЛІМ мен үшін тіпті «қорлық» болды десем болады (күліп). Негізі өзімнің күйеуім дінтанушы, ол «Дінді ұстанғанда қазақы дәстүрден асып кетудің қажеті жоқ» дейді.

Инстаграмды белсенді жүргізуге тағы бір түрткі болған жайт – қазақ сыныптарына сабақ беруім. Мен үнемі орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берген адаммын, сол жылы мектеп басшылығы маған қазақ сыныбына да сабақ беретінімді айтты. Бұл мені састырды, өйткені Астана, білесіз, орыс тіліне жетік балалардың ортасы, ал мектеп әкімшілігі, балалардың ата-аналары маған «Балаға таза қазақ тілін үйретіңізші» деп өтініш айтты. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сосын өзімнің тілімді дамытып, іздене бастадым. Бұрын ауылда сабақ беріп жүргенімде балаларға әр сабақта аңыз айтып беретін едім, олардың қызығатыны сондай әр күні «Аңыз айтып беріңізші» деп өтініп отыратын. Сол аңыздарды есіме түсіріп, қазақ тілімді дамыта түстім. Ең жеңіл, қызықты деген әңгіме, аңыздарымды инстаграмға жазып қоямын, ертесіне балаларға айтып беретін болдым. Сол уақытта парақшам ашық тұрғандықтан, өзге адамдар кіріп оқып, жақсы пікір жазып кететін болды. Одан мен әңгімелерім тек оқушыларға ғана емес, өзгелерге де қызық екенін түсіндім. Әзілмен араластырып, ауылдың қызықтарын жаза бастадым. Жалпы қарапайым қазақ әйелінің өмірін ең бірінші инстаграмға алып келген – мен.


Қарашаш Есенбай: Қазір ауыл өмірін көрсетіп, «Мен блогермін» дейтіндер көбейді. Нан жауып, сиыр сауғандарын көрсетіп, оқырман жинап отыр. Меніңше, ол әйелдің қарапайым ғана міндеттері сияқты. Мойындау керек, кейбірінің тілі жұтаң, кейбірі лас үйлерінің көрінісін де салып, жеке басының проблемаларын жазып отырады. Өзіңіз блогер әрі филолог маман ретінде айтыңызшы, біз неге оларды «жұлдыз» санап алдық?


Айнұр Бұлақбай: Мүмкін өзіміздің жанымызға жақын болған соң шығар?! Ауылдағылардың көбі қалаға келгені рас, оның бәрі ыстық таба нан мен самаурынды сағынады. Ал олардың суретін көргенде түтіннің иісі келіп, ыстық бауырсақтың дәмі таңдайға келеді. Ал қаланың тамағынан шаршаған әрбір адамға ол жақсы эмоция, ыстық ностальгия сыйлары анық. Оның үстіне біз өткен өмірге оралғымыз келіп тұратын халықпыз ғой. Өткен өмірді, естеліктерді жиі ойлаймыз. Десе де қарын тазалап, тезек көрсететін кезеңнен де өтеміз, деңгейіміз көтеріледі. Өзім қазір кітап сатумен айналысқандықтан, жаңа кітаптарды бірден оқуға дағдыланып жүрмін. Себебі мен оқырмандарымды руханиятқа жақындатқым келеді.

Мысалы, коронавирус туралы кітап шыққанын көбі білмейді, ал мен оны оқып қойдым. Біз іліспелі ақпаратқа ілесіп отыруымыз керек. Білсеңіз, бізге берілетін ақпараттың 97 пайызы ағылшын тілінде, демек біз қаншама ақпараттан құр қалып отырмыз. Болашақта мен де тек ағылшын тілінде ақпарат алғым келеді. Соған тырысып жүрмін, қазақ аудиториясы да сол деңгейге көтеріледі деп сенемін.



Қарашаш Есенбай:Айнұр ханым, негізі желіде танымал болатынның көбі әзілге, өнерге жақын адамдар ғой. Ал мұғалімдердің блогерлікке келуі некен-саяқ. Меніңше, оқушы тәрбиелеп отырғандықтан, мұғалімдердің өздері қоятын шекарасы болатын секілді. Өзіңізде сондай ой, оқушылардан қысылу болмады ма?


Айнұр Бұлақбай: Жоқ, менде ондай ой болған жоқ! Қазақ тілінде ауылдағы тіршіліктерімді жариялап, ойымды еркін жазып жүрдім. Сол кезде мені оқушыларым, орыс мектебіндегі әріптестерім оқитын... Демек мен ол шекараны алып тастаған секілдімін. Мен қарапайым қазақ әйелі екенімді ашық көрсететінмін. Мен оқушы, әріптесім, балам деп емес, баршаға адам деп қараймын.


Қарашаш Есенбай: Қазір жүз мыңнан аса оқырманыңыз бар. Қай кезден бастап, олардың алдында жауапкершілік барын сезіне бастадыңыз?


Айнұр Бұлақбай: Ойдан құрастырған әңгімелерімді жазып жүргенде шын кейіпкерлер хабарласа бастады. Өздерінің басынан өткен оқиғаларын айтып «жазып беріңізші, бәлкім шығарсам жақсы болып кетермін» деп өтініш айтатын. Ол кезде қазіргідей «ниша», «контент», «контент жоспар құру» деген маңызды емес, истаграмдағы барлық аудитория бос еді. Солай өмірде болған оқиғаларды жазып жүргенде, аудиториям кеңейе бастады.

Әңгімеден бөлек мұғалім болғандықтан, мамандығымнан де ауытқымай, қазақ тіліндегі қателер туралы жаза бастадым. Бұл да аудиторияма ұнады. Кейін оқырман көйбейген соң, жарнамалар келе бастады. Бірақ алғашында бәрін тегін жасап беретін едім. Тек төртінші баламды босанып, үйде отырған кезде ақшадан қинала бастадық. Сол кезде ойландым... Желіде танысқан Салтанат Серікболқызы деген блогер сіңлім күн сайын таңертең хабарласады, менің бос отырғанымды естіп, «Бір нәрсе жасаңыз» деп кеңес береді. Бірақ менің ойыма ештеңе келмей, саса бастадым. «Қазақ тілін онлайн оқыту» деген ұсыныс болған, бірақ мұғалім үшін ол мүмкін еместей. Бір күні кішкентай сәбиімді құлатып алдым, оны естіп ауылдан енем келді. Дәл сол кезде кітап сатуға ұсыныс түсті.


Қарашаш Есенбай: Яғни, кітап сатуды өзге біреудің ұсынысы арқылы бастадыңыз ба?


Айнұр Бұлақбай: Иә! Кітап сатпас бұрын парақшамда айтыстар өткізіп тұратынмын. Қазір әнге сөз жазып жүрген Ерлан Төлеген және Семейдің Гүлнар деген қызы екеуі айтысады, ортасынан басқалар да қосылып қызық айтыс өтетін. Бір күні жай өткізе бермей, қатысушыларға сыйлық берейін деп шештім. Инстаграмнан кітап сататын парақша тауып алып жазсам, парақшаның иесі Эленора деген қыз мені танитынын, сыйлайтынын айтып екі емес, он кітап жіберетінін айтты. Мен «Оны не істеймін?» деп шошып кеттім. Эленора «Ештеңе істемейсіз, тек кітапты суретке түсіріп, 3500 теңге» деп жазасыз деді. «Жарайды» деп кітапты күтіп алсам, ол маған он емес, жиырма кітап салып жіберіпті. Мен одан сайын қорқып, парақшама жарияладым. Қызығы, екі күнде жиырма кітабым да сатылып кетті. Осылай ақша табуға болатынын түсініп, тағы кітаптар алдырдым. Кейіннен баспаның өзімен жұмыс істейтін парақшаларды іздеп, Ерлан деген жігітпен таныстым. Ол маған тек нақты ақшаға ғана жұмыс істейтінін айтты. Сосын он жеті мың теңге жәрдемақыны алып, өмірімде бірінші рет несие төлемей, азық-түлік алмай сол жігітке салып жібердім, өзін жақсы танымаймын. Онымды үйдегілерге айтқан жоқпын. Бірақ екі күннен кейін кітап салып жіберді, ол салған классикалық кітаптар тез-ақ өтіп кетті. Содан осы саланы жүргізе бастадым, енді бір жүйеге қою жоспарымда бар. Менің аудиториям үшін кітаптар мен қазақ тілінің қателері туралы жазбалар актуалды.


Қарашаш Есенбай: Қазақ тілі деп айтып жатырмыз ғой, өткен аптада ғана журналист Қарашаш Тоқсанбайдың «Қазақша білмейтіндерді мемлекеттік мекемелер маңына жолатпау керек» деген сынын оқыдым. Онда «Қазпошта» қызметкерінің қазақ тілінде жауап бермегенін айтыпты. Өзіңіз тіл жанашыры ретінді қандай күрес жүргізіп жатырсыз? Мысалы, қоғамдық орындарда қазақ тілін талап етесіз бе?


Айнұр Бұлақбай: Әрине, дегенмен «мұсылман болу әсте-әсте». Мысалы, мен таза орыс мектебінде жұмыс істеген қазақпын. Өзім ауылда өскендіктен, менің орыс тілім ауылдың жолындай қотыр-қотыр. Сондай тіліммен жүріп, орыстарға «Сәлеметсіз бе, Айнұр Маратқызы!», «Қазақ тілі - ең әдемі тіл» дейтіндей дәрежеге жеткіздім. Бірақ ешқашан «Сен неге тілімді білмейсің?» дегендей сөздермен дауыс көтерген емеспін. Мен сыпайы ғана сөйлеп жатқанда күліп түсінбеген сыңай танытамын. Осылай-ақ қазақ тілінің де өзіндік маңызы бар екенін дәлелдедім десем болады.



Қарашаш Есенбай: Орыс тілділерді былай қойғанда, қазақ тілді блогерлер сапасыз кітап шығарудан жарысып жатқан сияқты. Ал біздің аудитория «Мынау қате жазылған кітап» деп айтып, сараптай алатындай деңгейде ме?


Айнұр Бұлақбай: Деңгей көтеріледі, ал кітап шығару соның алдындағы бір қадам. Сапалы, авторларды бағалау жолындағы сатылар ғой. Қазір тек саны болса, сапасы жоғарылайды, сосын шын оқырман қалыптасады. Кітап шығару, осыдан кейін оқу, одан кейін кітап жинау, сосын кітапты таңдау деген сияқты сатыларға көтерілеміз деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Осы тұста өзіңіздің филология саласына қалай келгеніңіз туралы айта кетіңізші?


Айнұр Бұлақбай: Мектеп бітірген жылы әкем қайтыс болды. Жағдайымызға қарап, анам «Көкем, осы жылы оқуға бармай-ақ қой», деді. «Көкем» деген жылы сөзді естіп, «жарайды» дедім. Өйткені үйдің үлкені болған соң, шешем мені әжеме беріп, ешқашан жылы сөз айтқан емес. Шешемнің бір сөзіне жібіп, көніп отырғанмын, үйге нағашы әжем келді. Шешемнің «Күйеуім қайтыс болып отыр, жұмыс істейтін ешкім жоқ. Қалай оқиды? Бармайды» деген сөзін естіп, менің аттестаттағы үздік бағаларымды көріп, «Мына қызға обал! Не болса да, нанынан көреді, оқуға алып бар» деп тапсырды. Шешем ол сөзге ойланып жүргенде, Қызылордадан әкемнің қарындасы келді. Ол да менің бағаларымның жақсы екенін көріп, оқуға алып барайын деді. Біздің оңтүстік жақта «ақшаң болмаса, оқуға түсе алмайсың» деген түсінік бар. «Мама, мен оқуға өзім түсе аламын» дегеніме сенбей «Ақылы бөлімге тапсыр» деп мамандықты да өзі таңдап берді. «Қазақ тілінен олимпиадаға барып жүрсің, орыс мектептеріне қазақ тілі пәнінің мұғалімі боласың» деп, сол мамандыққа құжат тапсырдық. Құжат қабылдап отырған Қымбат деген апай менің бағаларымды көріп, грантқа тапсырып көрсін, ақылы бөлімге қазан айына дейін тапсыруға уақыт бар деді. Әйтеуір жабылып жүріп, шешемді грантқа тапсыруға көндірдік қой (күліп). Құжат тапсырған екі жүздей баланың арасынан отызы оқуға түстік. Соның ішінде менің аты-жөнім бірінші тұр екен, қатты қуандым. Оны анама телефонмен хабарласып айтсақ сенбей, «ертең өзім барып көремін» деп қалаға келді. Көзімен көрген кезде ғана сенді (күліп). Сол кезде «Астанаға жібергеніңде де өз біліміммен түсетін едім» деп жыладым. «Осы оқуды бітір де, қалаған оқуыңа бар» деген, бірақ бітірген соң жұмысқа орналасып, университетте сырттай оқуыма тура келді. Ал оны бітіретін жылы тұрмыс құратын болдым. Сонымен анамның ықпалымен осы салаға келгенмін десем болады.


Қарашаш Есенбай: Айнұр ханым, сөзіміздің басында жұлдыздар үшін тіркелдім дедіңіз. Әлеуметтік желі оларға жақындауыңызға әсер етті ме? Сіздің парақшаңызды қандай жұлдыздар оқиды?


Айнұр Бұлақбай: Арамызды біршама жақындадып тастады. Парақшамды Оразгүл Асанғазы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мейіржан Әлібек, Құралай ханым, Сәкен Майғазиев, Өркен Кенжебек, Әйгерім Сейфолла, Назира Бердалы, Жанат Бақыт сынды белгілі адамдар оқиды. Өткен жылы Сәкен Майғазиевтен бір жобаға ұсыныс болған. Бірақ мен Нұр-Сұлтан қаласында тұратындықтан, ұсынысты қабыл ала алмадым.




Қарашаш Есенбай: Айтпақшы, парақшаңызда Сәкен Майғазиевтың анасы бата берген видеосы бар. Оның да тарихы қызықты екен, оқырманмен бөлісе кетсеңіз.


Айнұр Бұлақбай: Иә, сондай қызық болған. Негізі ай, күн аттарынан кейін сызықша қойылмайды. Қателеспесем, Сәкен Майғазиев «6 мамыр күні» деген бе, жазбасында қате кеткен екен, соған қалжыңдап пікір жаза салғанмын. Сөйтсем маған қарсы жауаптар ағылыпты. Негізі қатесін айтайын деген ойым болмаған, тек өз ойымды айтқанмын. Тіпті жекеме дейін хат жібергендер болыпты. Ол кезде аяғым ауыр, мектепте сенбілікте жүргенмін. Сәкен Майғазиевтің өзі «Дәлел бар ма?» деп жазыпты. Мен 6-сыныптың ережесін көрсетіп видео түсірдім. Одан кейін «Сәке, мен аяғым ауыр болса да кітаптарды көтеріп келдім. Енді қарындасыңыздың бұйымтайы ретінде, анаңыздың батасын алып беріңіз» деп желіге жарияладым. Сол күні Сәкен Майғазиев жекеге жазып, нөмірімді сұрады. Сосын анасының батасын алып, видеосын жіберіпті. Ол кісі «Мен секілді он бала таппасаң да, бес бала тап» деп батасын беріпті, ол кісінің тілегі қабыл болып жақында бесінші баламды босандым. Қазір «Декреттен декретке» жобасымен, енемнің қолында отырмын.

Қарашаш Есенбай: Айнұр ханым, әңгімеңізге көп рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ