Шерхан Пірназаров: "Түсірілімнен кейін психологтың көмегіне жүгіндім"

0
1 911

Аз сөйлеп, көп іс тындырып жүрген тағы бір талант - менің бүгінгі кейіпкерім. Театрда да, кинода да өз кейіпкерін тапқан, жас болса да шабысы мен тақымы мықты актер Шерхан Пірназаров аз уақытта біраз ойды түйіндеп, бүгін маған сұхбат берген еді.


Шерхан Пірназаров:

Шерхан, қарбаласқа қарамастан сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Түсірілімнен түсірілім... шаршамадыңыз ба?

Керісінше, қазір нағыз кино түсіретін мезгіл. Шабыттанамын, шаршап жүрген жоқпын.

Шығармашылығыңыз қарқынды дамып жатыр, қазір қай киноның түсіріліміндесіз?

Дәл қазір, Ұлттық арна тапсырысымен түсіріліп жатырған «Ауыл мұғалімі» телехикаясына түсіп жатырмын. Осыдан екі жыл бұрын бірінші маусымы шыққан еді. Халықтың көңілінен шыққан соң, екінші маусымын түсіруді қолға алдық. Менің бағымды ашқан «Рауза» телехикаясының бірінші маусымын түсірген режиссер Самал Смағұлова, «Ауыл мұғалімінде» де режиссер болды. Және мені осы сериалға түсуге шақырды. Самал маған Мақсат деген персонажды жоба басталмас бұрын айтып, бекітіп қойды. Мен осы рөлге бекітілгенімді естіген кезде Самалға бірден келісім бердім. Себебі, маған Самалмен жұмыс істеген оңай.

Киноға ұсыныс түскен кезде неге баса назар аударасыз? Сценарийге ме? Режиссерға ма? Әлде төленетін гонорарға ма?

Жалпы жақсы режиссер жаман сценарий алмайды. Сондықтан режиссерге сенемін. Қазіргі таңда маған режиссерлердің өзі ұсыныс тастайды. Қандай да бір жоба басталмас бұрын, режиссер маған хабарласып маған ұсынатын персонаж туралы ақпарат береді. Сосын гонорар мәселесін талқылаймыз.

Қазір интернет желісін, кино саласындағы жаңалықтарды ақтарсақ, Шерханның барлық жерде дерлік аты аталады, жазылады. Бұл Шерханның піскен кезі ме? Әлде бір мезетте келетін сәттілік пе?

Әр жоба - жеке мектеп. Әрқайсысынан мен жақсы нәрсе алуға тырысамын. Жаңа рөлге түскен сайын ашыламын, өзімнің басқа қырымды ашамын. Менің ойымша, қазір маған үлкен сәттілік берілді. Жалпы әр актердің өсетін, экраннан түспей халыққа танылатын, өзін қалыптастыратын және шарықтайтын уақыты болады. Мен өзім қырамын, бәрін жоямын деген ойда емеспін, керісінше енді өсіп, болып-толып келемін. Әлі де үйренерім көп, ізденісте жүрмін. Рөлге бекітілген бойда мен тек режиссермен ғана емес, сценариспен, кастинг директорымен, басқа да актерлермен сөйлесіп, тәжірибе алмасамын, ой бөлісемін. Әсіресе, сценаристер өзі жазған дүниені, кейіпкерді жақсы біледі ғой. Жұмыс барысында мен сценаристермен көбірек ақылдасуға тырысамын, біте қайнасып жұмыс істеймін. Содан болар, мен сомдаған рөлдердің көпшілігі халықтың көңілінен шығып келеді.

Сізде бақ шапты ма әлде бап па?

Мен жан-жақты адаммын. Көп адаммен дос болуға, араласуға тырысамын. Академияда оқып жүрген кезде тек бір курспен емес, өзімнен үлкені бар кішісі бар барлығымен араласа беретін едім. Менің ортамда тек актер емес, драматургтер, режиссерлер бәрі бар. Оқу ордасында жүрген кезден ақ, осы араласқан адамдардың барлығымен кейін бірге жұмыс істейтінімді білген едім. Аллаға шүкір, қазір оқу ордасынан тапқан барлық достарыммен дерлік кино әлемінде бірге жүрмін. Маған сабақ берген мұғалімдер менің бір жерден жарып шығатыныма сенді. Менің ойымша, мен де бап пен бақ қатар шапты. Адам қаласа, кез келген шыңды бағындыруға болады. Әрине, Алланың қалауымен.

Танымал продюсер Баян Мақсатқызының өзі «Маңқа болмаса, екінші сезонды түсірмес едім» депті. Ал сізге Маңқа рөлі несімен ұнады? Несімен ұнамады?

Мен «Раузаға» дейін ылғи жағымды кейіпкерлерді сомдаған едім. Ал «Раузада» алғаш рет жағымсыз кейіпкерді сомдадым. Халық жақсы қабылдады, тіпті, «Раузаның» бірінші сезоны біткен соң, көбісі мені Маңқа деп танып кетті. Жалпы көп жағдайда жағымды кейіпкерлер көптің есінде қалмауы мүмкін, ал жағымсыз кейіпкер адамның есінде сақталып қалады. Маңқа рөлі маған берілген мүмкіндік деп есептеймін. Бұл персонажды алған кезде менің ішкі түйсігім, «жанатын шағым келді-ау» деді. Ол кезде Маңқаның қалай шығарын, елдің қалай қабылдайтынын ешкім білген жоқ. Маңқа менің қазір төлқұжатым. Бұл рөлді сомдау барысында сценаристер, режиссерлер мен басқа да қатарласып келе жатқан актерлер менімен бірлесіп жұмыс істеді. Үлкен нәрсе жасау үшін үлкен күш керек. Мен осы жағымсыз кейіпкерді халыққа жеткізіп сомдау барысында тек өзім ғана емес шығармашылық топпен бірлесе жұмыс істегенімді алға тартқым келеді.

Бірақ, бірақ... Маңқаны сомдап болған соң, менде өзгеріс болды. Мінез-құлқым, өзімді ұстауым өзгерді. Тіпті, менің өзгергенімді байқағандар маған психологқа баруымды ұсынды. Әлі күнге дейін Маңқаның кей қылықтары бойымда бар. Шынын айту керек, психологтың көмегіне жүгінген кездерім, имамға барып, бойымда болып жатқан өзгерістерді айтқан сәттерім болды. Ішкі әлемімде арпалыс болғанын жасырмаймын.

Кімге еліктейсіз?

Әрине ешкім таза емес. Бірақ кімге еліктесемде оның жақсы жағын берсінші деп тілеймін. Менің бірден бір үлгі тұтар адамым Тұңғышбай Жаманқұлов. Ол кісі менің ұстазым. Бір кездері Еркебұлан Дайыровтың жолын берсінші деп тілеген едім. Одан соң Дулыға Ақмолдаға да еліктедім. Орта буын, үлкен буынға еліктегенімді жасырмаймын. Аллаға шүкір, осы кісілердің жолын қуып келемін. Шетелдің актерлеріне де еліктеймін, бірақ біздің актерлер олардан асып түспесе, кем емес.

Өзіңіз жаңа ғана ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловқа ұқсасам деп тіледім дедіңіз. Ұстазыңыз көп жылдар басшылық қызметте болды. Келешекте Тұңғышбай Жаманқұлов секілді басшылық қызмет ұсынылса, келісесіз бе? Әлде тек шығармашылықпен айналысқанды жөн санайсыз ба?

Тағдырдың қандай сыйы барын білмеймін. Кейде сондай ой келеді. Өз өзіме сабақ берген кезде «мен қашанға дейін кино әлеміне жүремін?» деп сұраймын. Қазір жаспын, әлі де үйренерім көп, көрерім көп. Ал егер келешекте ұсыныс түссе, таныссыз – ақ, танымалдылыққа талпынып жүрген, нағыз еңбектеніп жүрген таланттарды қолдайтын басшы болар едім. Өнерде ең алдымен тазалық керек.

Бірде Азамат Сатыбалдымен сұхбатттасқан кезде, «мен Тұңғышбай ағайға Шерхан сияқты еркелегім келеді. Шерхан ағайдың кенжесі сияқты» деп айтқан болатын. Шынымен де, ағайдың алдында өзіңізді еркін ұстап, еркелей аласыз ба?

Ия... мен Тұңғышбай ағайдың еркесімін. Кейде сөз естіп алған кездерім болды. Бірақ ағайдың айқайы маған майдай жағады. Оқып жүрген кезде бар еркелігімді көрсеттім. Ағай менен көп нәрсе күтеді. Сенімін ақтағым келеді.

Бір кездері «Хабар» арнасының таңғы бағдарламасын жүргізіп, тікелей эфирде бақ сынадыңыз. Жүргізушілік жаныңызға жақын ба екен? Жүргізушіліктен не үйрендіңіз? Қазір тікелей эфирді сағынған боларсыз?

Иә, ерекше сағынамын. Мектеп кезінде аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылатын шараларды жүргізетін едім. Менің сол кездегі бала арманым -жүргізуші болу еді. Көп журналистердің арманы мен мақсаты болған еліміздегі үлкен арналардың бірінде, тікелей эфирде бағдарлама жүргіздім. Маған көп жүргізушілерге берілмеген мүмкіндік пен бақ берілді. Ал жүргізушіліктен менің түйгенім көп. Тапқырлықты, табан асты кез келген жағдайдан шыға білуді үйрендім.

Келешекте сізді тағы да бағдарлама жүргізушісі ретінде көре аламыз ба?

Егер келешекте тағы да ұсыныс түссе, мүмкіндік берілсе, бірден келісім берер едім. Эфирдің де өз атмосферасы бар. Соны сағынғаным рас, қайта бақ сынап көргім келеді.

Театрға оралсақ, Әуезов театрында да бірнеше басты рөлдерге бекітілдіңіз. Жастар арасында белсенді болдыңыз. Театрдан кетуге не себеп?

Үлгермедім, уақытымды басқара алмадым десем болады. Академияда жүрген кезде бізді киноға емес, театр сахнасына үйретті. Мен театрды ерекше сағынып жүрмін.

Қайта ұсыныс немесе шақырту түссе театрға барасыз ба?

Ия, егер ол мүмкіндік берілсе, қолданар едім.

«Хотя бы в кино» фильміне оралсақ, ұсыныс кімнен болды? Рөлге бірден бекітілдіңіз бе?

Қайрат ағамыздан ұсыныс түсті. Бірден келістім. Сосын түсірілім үшін Таиландқа ұшып кеттік. Менің персонажым көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Халық жақсы қабылдап жатыр.

Келешекте Шерханды режиссер ретінде көре аламыз ба?

Айналамдағы адамдар ұсыныс, ой тастап жүр. Бәрі уақыт еншісінде.

Шерхан қандай әке? Отбасыңызға қаншалықты жиі көңіл бөлесіз?

Шыны керек, кейде уақыт бөле алмай қаламын. Күні-түні түсірілімде боламын. Бірақ бәрі балаларымның болашағы үшін. Солар мақтан тұтатындай әке балсам, балаларымды ештеңеге мұқтаж етпей өсірсем деймін.

Сұхбатыңызға рахмет!


Сұқбаттасқан Қарашаш Есенбай