​25, 35 және 45: Әр жаста РЕТИНОЛды таңдау мен қолдану ерекшеліктері

0
190

Хит болып жатқан өнімді қолданып көрдіңіз бе?


​25, 35 және 45: Әр жаста РЕТИНОЛды таңдау мен қолдану ерекшеліктері

Сурет: ЖИ

Ретинол – тері күтімінде жиі қолданылатын белсенді компоненттердің бірі. Ол терінің жаңару процесін қолдауға, оның реңін біркелкі етуге, ұсақ әжімдер мен пигментацияның байқалуын азайтуға көмектесуі мүмкін.

Соңғы уақытта ретинолды қандай да бір күтім құралының құрамында емес, жеке өзін шығара бастады. Бұл өнім қолданушы-қыз келіншектер тарапынан да қолдау тапты.

Алайда ретинолды кез келген жаста бірдей қолдану дұрыс емес. Терінің жасы ұлғайған сайын оның ылғалды сақтау қабілеті, қалпына келу жылдамдығы мен сыртқы әсерлерге төзімділігі өзгереді. Сондықтан ретинолдың түрі, концентрациясы және қолдану жиілігі терінің жағдайына қарай таңдалғаны жөн.


25 жаста ретинол қажет пе?

25 жаста терінің табиғи жаңару процесі әдетте жақсы жүреді. Сондықтан бұл кезеңде ретинолды қартаюға қарсы міндетті құрал ретінде емес, нақты қажеттілік болған жағдайда қолдануға болады.

Мысалы, тері бедерінің біркелкі болмауы, қара нүктелер, безеу, қабынудан кейін қалған іздер немесе терінің шамадан тыс қалыңдауы сияқты мәселелер болса, ретиноидтар пайдалы болуы мүмкін.

Бұл жаста төмен концентрациядан бастаған дұрыс. Мысалы, құрамында 0,1–0,25% ретинол бар өнімдер қолайлы болуы мүмкін.


Қалай қолданған дұрыс?

  • Ретинолды бірден күн сайын жағудың қажеті жоқ. Алғашқы бірнеше айда оны аптасына 1 рет, кешкі күтім кезінде қолданудан бастауға болады. Тері жақсы қабылдаса, кейін аптасына 2 ретке дейін көбейтуге болады.
  • Ретинол қолданған күндері теріні қосымша тітіркендіретін скрабтар мен қышқылды өнімдерді қатар қолданбаған дұрыс.
  • Күндіз күннен қорғайтын SPF құралын міндетті түрде пайдалану керек.
  • Аздап құрғау немесе жеңіл қабыршақтану болуы мүмкін. Ал қатты қызару, ашыту немесе терінің ұзақ уақыт тартылып тұруы байқалса, өнімнің концентрациясы немесе қолдану жиілігі сіздің теріңізге сәйкес келмейтінінің белгісі.


35 жаста ретинолды қалай таңдауға болады?

35 жасқа қарай терінің жаңару процесі біртіндеп баяулай бастайды. Ұсақ әжімдер, тері реңінің өзгеруі, пигментті дақтар мен тері бедерінің біркелкі болмауы сияқты мәселелер көбірек байқалуы мүмкін.

Бұл жаста ретинолды сәл жоғары концентрацияда қолдануға болады. Мысалы, 0,3–0,5% ретинол бар өнімдер қарастырылуы мүмкін. Бірақ нақты концентрация терінің сезімталдығы мен бұрын ретинол қолданған-қолданбағанына байланысты таңдалуы керек.


  • Әдетте аптасына 2–3 реттен бастау жеткілікті. Тері жақсы бейімделсе, қолдану жиілігін біртіндеп өзгертуге болады.
  • Ретинолды кешке, таза әрі толық құрғақ теріге жағады. Оның үстінен ылғалдандыратын крем қолдануға болады.
  • Бірнеше белсенді құралды қатар қолданбаңыз
  • Ретинолды қышқылдар, пилингтер және басқа да күшті белсенді компоненттермен бір кеште қолдану теріні тітіркендіруі мүмкін. Сондықтан оларды әртүрлі күндерге бөлген дұрыс.
  • Егер ретинолдан кейін тері үнемі қабыршақтанып немесе қызарып жүрсе, қолдану жиілігін азайтып, күтімді қайта қарау қажет.


45 жаста ретинолға қатысты не өзгереді?

45 жастан кейін тері бұрынғыға қарағанда құрғақ әрі сезімтал болуы мүмкін. Ылғалды сақтау және сыртқы әсерден кейін қалпына келу қабілеті де төмендейді. Сондықтан бұл жаста ретинолдың концентрациясын барынша жоғарылатуға емес, терінің оны қалай қабылдайтынына көңіл бөлген дұрыс. Мысалы, 0,25–0,5% аралығындағы ретинол немесе теріге біртіндеп әсер ететін инкапсулаланған түрлері қарастырылуы мүмкін.


  • Ретинол жағуды аптасына 1–2 реттен бастап, терінің реакциясын бақылаған жөн.
  • Бұл кезеңде ылғалдандыруға ерекше көңіл бөлу маңызды. Құрамында терінің қорғаныш қабатын қолдайтын липидтер мен ылғал ұстайтын компоненттері бар кремдер пайдалы болуы мүмкін.
  • Ретинолды қолданғаннан кейін міндетті түрде ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Алғашқы бірнеше күндегі нәтижеге қарап қорытынды жасамаған дұрыс. Терідегі өзгерістер бірден емес, бірнеше апта немесе ай ішінде байқалуы мүмкін.


Ретинол қолданғанда жиі жіберілетін 8 қателік

1. Өнімді тек концентрациясына қарап таңдау. «Концентрациясы неғұрлым жоғары болса, әсері соғұрлым жақсы» деген түсінік дұрыс емес. Тері ретинолға дайын болмаса, жоғары концентрация тітіркенуге әкелуі мүмкін. Сондықтан терінің жағдайын ескеріп, төмен концентрациядан бастаған жөн.

2. Бірден жиі қолдану. Ретинолды алғаш алған кезде оны күн сайын жағу қажет емес. Тері жаңа компонентке бейімделуі үшін уақыт керек. Бірден тым жиі қолдану құрғақтық, қызару және қабыршақтануды күшейтуі мүмкін.

3. Дымқыл теріге жағу. Ретинолды жуынғаннан кейін бірден дымқыл теріге жағу кей адамдарда тітіркенуді күшейтуі мүмкін. Сондықтан тері толық құрғағанша күткен дұрыс.

4. Бір кеште бірнеше белсенді компонентті қолдану. Ретинолды қышқылдармен, пилингтермен және басқа да күшті белсенді құралдармен қатар қолдану теріге ауыр болуы мүмкін. Әсіресе ретинолды енді бастап жүрген кезде белсенді өнімдерді әртүрлі күндерге бөлген дұрыс.

5. SPF қолдануды ұмыту. Ретинол қолданатын күтімде күннен қорғану маңызды. Таңертең теріге күннен қорғайтын құрал жағу керек. Бұл әсіресе пигментацияға бейім тері үшін маңызды.

6. Нәтижені тым ерте күту. Ретинолдың әсері бір-екі күнде немесе бір-екі аптада байқала бермейді. Тері бедері мен жалпы жағдайындағы өзгерістер біртіндеп қалыптасады. Сондықтан күтімге уақыт берген жөн.

7. Қатты тітіркенсе де қолдана беру. Аздап құрғақтық болуы мүмкін. Бірақ қатты қызару, ашыту, жарылу немесе бірнеше күн бойы басылмайтын жайсыздық қалыпты жағдай емес. Мұндай кезде ретинолды уақытша тоқтатып, қолдану жиілігін немесе өнімнің түрін қайта қараған дұрыс. Қатты немесе ұзаққа созылған реакция болса, дерматологпен кеңескен жөн.

8. Ылғалдандыруды ескермеу. Ретинол қолданғанда теріге дұрыс күтім жасау өте маңызды. Ылғалдандырғыш кремді елемеу құрғақтық пен жайсыздықты күшейтуі мүмкін. Сондықтан ретинолды жеке қолданбай, терінің қорғаныш қабатын сақтауға көмектесетін жұмсақ тазартқыш пен ылғалдандырғыш құралдарды да күтімге қосқан дұрыс.


Қандай жағдайда қолданбаған дұрыс?

Америкалық дерматология академиясы мынадай тыйымдарды ескертеді.

1. Жүктілік кезінде. Ретиноидтар, соның ішінде ретинол бар косметикалық өнімдер, жүктілік кезінде ұсынылмайды. Жүктілікті жоспарлау кезінде де қолданас бұрын дәрігермен кеңескен дұрыс.

2. Тері қатты тітіркеніп тұрса. Тері қызарып, ашып, қабыршақтанып немесе қатты құрғап тұрса, ретинолды уақытша қолданбаған жөн. Белсенді компонент мұндай жағдайда тітіркенуді күшейтуі мүмкін.

3. Экзема, дерматит немесе розацеа өршіген кезде. Мұндай тері жағдайларында ретинолды өз бетіңізше бастау дұрыс емес. Әсіресе бетте қызару мен қабыну айқын болса, алдымен дерматологпен кеңескен жөн.

4. Ретиноидтарға немесе өнім құрамындағы басқа компоненттерге аллергия болса. Бұрын ретинол немесе басқа ретиноид қолданғанда аллергиялық реакция болған адамдар оны қайтадан өз бетінше қолданбауы керек.

5. Тері өте құрғақ әрі сезімтал болса. Бұл абсолютті тыйым емес, бірақ ретинолды өте сақтықпен енгізуді қажет етеді. Америкалық дерматология академиясы қатты құрғақ немесе қабынған теріде ретиноидтарды қолдануға асықпауға кеңес береді.

6. Жақында агрессивті косметикалық процедура жасалса. Мысалы, химиялық пилинг, дермабразия немесе теріні қатты тітіркендіретін басқа процедуралардан кейін ретинолды бірден қолдану дұрыс емес. Терінің қалпына келуіне уақыт қажет.

Егер ретинол қолданғаннан кейін қатты ашыту, ісіну, айқын қызару немесе терінің жарылуы байқалса, оны жалғастыра бермеген дұрыс. Белгілер сақталса, дерматологқа қаралған жөн.

Ретинол таңдағанда жаспен бірге терінің сезімталдығын, құрғақтығын, бұрынғы күтім тәжірибесін және қандай мәселені шешкіңіз келетінін ескеріңіз.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Түнде ЖҮЗІК тағып жату ТЕРІГЕ қандай қауіп төндіреді?